
Қазақстанда салынатын алғашқы АЭС құрылысы 16,4 млрд долларға бағаланып отыр. Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі жоба құнына қатысты осындай ақпарат таратты.
«Қаражаттың негізгі бөлігі – 14,4 млрд доллар энергоблок құрылысына бағытталады. Тағы 2 млрд доллар инфрақұрылымға, қауіпсіздік жүйесіне және отынға жұмсалады. Жобаның барлық құны шамамен 16,4 млрд доллар болады», – деп жазылған агенттік таратқан мәлімдемеде.
Бірақ аталған соманың қандай бөлігі Ресейден кредит есебінде алынатыны әлі хабарланған жоқ.
Бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев жоба құны шамамен 15 млрд долларға баруы мүмкін деген еді.
«Росатом» басшысы Алексей Лихачевтің мәліметінше, Қазақстанда Атом электр станциясының құрылысы 2027 жылы басталып, 2030 жылы аяқталады.
Алғашқы АЭС салу үшін қазақ үкіметі Ресейден кредит алмақшы. Бүгін Астанадағы келіссөздер аясында екі тарап мемлекеттік экспорттық кредит беру туралы келісімге қол қойды.