
Қоғамдық орында бет-жүзін тұмшалап алған 1179 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы ІІМ хабарлайды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша, алғашында заң бұзғандарға ескерту беріледі. Егер бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
«Бұл норма «Құқық бұзушылық профилактикасы» заңының 75-бабы 3-тармағында көзделген. Адамның түр-сипатын көзбен тануға кедергі келтіретіндей дәрежеде бетті жабатын киімдерді кию құқық бұзушылық болып саналады. Тыйым ауа райы жағдайларына және медициналық ұсынымдарға қатысты қолданылмайды. Сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу кезінде де тыйым салынбайды», – деп ескертеді ведомстводан.
Еске салайық, былтыр жазда Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салуды көздейтін заңға қол қойды. Көпшілік арасында ниқабпен жүргені үшін де әкімшілік жауапқа тартылады.
ҚМДБ аталған заң жобасы қауіпсіздік мақсатында қажет деп тауып, қолдау білдірді.