Жаңалықтар

Шайдоровтың жалақы дауы: Спорт дирекциясы жаңа келісімшарт дайын екенін мәлімдеді

Михаил Шайдоров/
Михаил Шайдоров/ Фото: Сали Сабиров / НОК РК

Спортты дамыту дирекциясы Миландағы қысқы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың айналасындағы қаржылық дауға қатысты қайтадан мәлімдеме жасады. Ведомство басшылығы спортшымен жаңа келісімшарт толық дайындалғанын және тек қол қою ғана қалғанын хабарлады. Бұл туралы Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары міндетін уақытша атқарушы Оралхан Балмағамбетов мәлімдеді.

Бұған дейін мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Тимур Балымбетовке берген сұхбатында Олимпиададағы жеңісінен кейін бірнеше ай бойы жалақы алмағанын, бұл жағдай жаңа маусымға дайындыққа – оқу-жаттығу жиындарына бару мен бағдарламаларды қоюға кедергі келтіріп жатқанын айтып шағымданған еді.

«Жарты жылдық кешігу жоқ»: Дирекция уәжі

Оралхан Балмағамбетов БАҚ беттерінде айтылып жүрген «жарты жылдық айлық кешіктірілді» деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, спортшыға 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларының жалақысы толық төленген. Қазіргі уақытта мемлекет Шайдоровқа наурыз және сәуір айлары үшін ғана қарыз.

Шенеунік бұл іркілістің себебін Милан Олимпиадасынан кейін жаңа олимпиадалық циклдың басталуымен байланыстырды. Олимпиада чемпионы атанғандықтан, Михаилдың мәртебесі өсті, сәйкесінше ол жақсартылған шарттар бойынша жаңа келісімшартқа отыруы тиіс.

Шайдоров келісімшартқа неге қол қоймады?

Дирекция өкілі чемпионның жаңа құжатқа әлі күнге дейін қол қоймауының екі негізгі себебін атады:

«Біріншіден, Олимпиададан кейін ол елден тыс жерде демалыста болды, сондықтан құжаттарға физикалық түрде қол қоя алмады. Екіншіден, оның келісімшарттағы кейбір тармақтарға қатысты сұрақтары туындады – онда мемлекеттік қаржыландыру алатын спортшы ұмтылуы тиіс спорттық көрсеткіштер жазылған. Бірақ бұл – әбден қалыпты халықаралық тәжірибе. Ұлыбритания, Германия, Корея атлеттері де осылай жұмыс істейді. Мемлекет үздік жағдай ұсынады және мақсаттарды бекітеді», – деп түсіндірді Балмағамбетов.

Оның сөзіне қарағанда, дәл осы келіссөздер процесі төлемдердің созылып кетуіне себеп болған. Жаңа контракт чемпионның жаңа мәртебесін толық ескереді және құжатқа қол қойылған сәтте барлық қаражат бірден аударылады.

Чемпионға не уәде етілді?

Спортты дамыту дирекциясы Олимпиада чемпионы алдындағы барлық міндеттемелердің мүлтіксіз орындалатынына сендірді. Келісімшарт бекітілгеннен кейін, Шайдоровқа тиесілі айлықтарынан бөлек, заң бойынша қарастырылған барлық бонустар беріледі: 250 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақы, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер. Өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлемдер.

Дирекция басшылығы жағдай жақын арада толықтай шешіліп, спортшының жаңа маусымға дайындығы жоспарлы түрде жалғасатынын мәлімдеді.