Жаңалықтар

30 мамырда Қазақстан бойынша онкологтар тегін қабылдау өткізеді

Онкология
фото: shutterstock

30 мамырда Қазақстанның барлық мемлекеттік онкологиялық орталықтарында меланома, тері және қалқанша безі обырының алдын алуға арналған Бірыңғай ашық есік күні өтеді.

Қабылдауды жетекші онколог мамандар жүргізеді. Ниет білдірушілер өзімен бірге тек жеке куәлігін алып, өңірлік онкологиялық диспансерлерге немесе Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына баруына болады. Айта кету керек, азаматтардың жас ерекшелігі мен тіркелген мекенжайы маңызды емес. Шара сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін жалғасады.

Оқи отырыңыз: Қатерлі ісікке шалдыққан әйелдерге бала көтеруге бола ма?

Дәрігерлер бұл күні терідегі және мойын аймағындағы кез келген күдікті өзгерістерге мән беруге шақырады. Әсіресе, денедегі меңдердің пішіні мен түсі өзгерсе, жаңадан түзілістер пайда болса немесе мойын тұсында ісіну байқалып, дауыс себепсіз қарлықса, міндетті түрде маманға көрінген абзал.

Мұндай белгілер әрдайым қауіпті ісікті білдірмесе де, уақтылы тексеруден өту емнің тиімділігін арттырып, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондықтан азаматтарды осы мүмкіндікті пайдаланып, ертеңгі бос уақытын өз денсаулығын тексертуге арнауға шақырамыз дейді мамандар.

Барлық ниет білдірушілер өңірлік онкологиялық орталықтарда, сондай-ақ Алматы қаласы, Абай көшесі, 91 мекенжайында орналасқан ҚазОжРҒЗИ-да тегін консультациядан және тексеруден өте алады.

Қатерлі ісікке тек ересектер ғана емес балалар да шалдығады. Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, елде жылына онкологияға шалдыққан 5 мың бала арнайы ем қабылдайды.