Жаңалықтар

Ақкенженов «Достық» құбыры арқылы мұнай тасымалдау қашан жанданатынын айтты

Дружба құбыры арқылы мұнай экспорты жандана ма
Дружба құбыры арқылы мұнай экспорты жандана ма/ фото: gov.kz

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының кулуарында «Достық» құбыры арқылы Германияға мұнай тасымалдау қашан қалпына келетінін айтты.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта аталған мұнай құбыры арқылы мұнай айдау көлемі шектеулі. Экспорттың толық жандануы Ресей тарапындағы жөндеу жұмыстарының жылдамдығына тікелей тәуелді болып отыр.

«Биыл немесе келесі жылы жұмыс толығымен жанданады деген үміт бар. Бірақ бәрі Ресей тарапына, олардың мұнай айдау жөніндегі техникалық мүмкіндіктерін қаншалықты тез қалпына келтіретініне байланысты. Мен бұл мүмкіндікті жоққа шығармаймын. Біз, қазақстандық тарап ретінде, көршімізде жүріп жатқан жөндеу жұмыстарын бақыламаймыз. Бізге тек техникалық мүмкіндіктің бар-жоғы туралы хабарлама беріледі», – деді вице-министр.

Сонымен қатар, Ерлан Ақкенженов Германияға мұнай жеткізудің құрлықтан бөлек, Еуропаны айналып өтетін теңіз бағыты бар екенін айтты. Бірақ ол жерде үлкен логистикалық шектеулер бар.

Оның сөзінше, Росток портының қуаттылығы 5 миллион тоннаға ғана есептелген, ал Шведт мұнай өңдеу зауытының сұранысы 10,5 миллион тоннаны құрайды. Сондықтан қазіргі уақытта теңіз көлігімен жеткізу мәселесі талқыланып жатқан жоқ.

Бұдан бөлек, вице-министр Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша мұнай экспортын арттыру жоспарына тоқталды.

Қазақстан биыл бұл бағытпен 2,2 млн тонна мұнай жөнелтуді көздеп отыр, алайда Ақтау портының әлеуеті бұл көрсеткішті 3 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Спикердің айтуынша, тасымал көлемін одан әрі ұлғайту үшін Әзербайжан тарапымен тарифтік балансты реттеу қажет.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Достық» мұнай құбырымен Германияға шикізат тасымалдау тоқтайтындығын хабарлаған едік. Осыған байланысты «Дружба» құбырының транзит кестесі өзгертіліп, 260 мың тонна экспортталатын мұнай көлемі жоспарлы түрде қайта бөлінеді.