Жаңалықтар

Ақмола облысында көкпар кезінде бір жасөспірім қаза тапты

Көрнекі сурет / Фото: Ұлттық спорт федерациясы

Ақмола облысы Целиноград ауданында ұлттық спорт түрі – көкпар ойынына дайындық барысында 14 жастағы жасөспірім аттан құлап қаза тапты. Бұл туралы осы өңірдің полициясы хабарлайды.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 26 мамырда болған.

«Қазір полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тексеру барысында болған оқиғаның барлық жай-жапсары анықталады. Жаттығуды ұйымдастырушылар мен оған қатысушылардың қауіпсіздігіне жауап беретін адамдардың әрекетіне заң тұрғысынан баға беріледі», – деп таратты полиция.

Мәліметтерге қарағанда, оқиға ауданның Рақымжан Қошқарбаев ауылы аумағында болған.

«Жергілікті тұрғындар арасында жаттығу ойындары жиі ұйымдастырылып тұрған. Олар ресми спорт жарысы немесе жаппай іс-шараға жатпайды. Аудан әкімдігіне осындай ойындар болатынына хабар берілмеген. Көкпар өтетін орын жергілікті атқарушы органдармен келісілмеген», – деп түсіндірді департаменттегілер.

Полиция мәліметінше, жасөспірім көкпарға келмей қалған бір адамның орнына кірген. Тергеу жүріп жатыр.