Жаңалықтар

Дастан Сәтбаевтың жейдесі Будапешт төріндегі көрмеге қойылды

Футболка Дастана Сатпаева в Будапеште
Фото: Марина Кириллова / коллаж: kursiv.media

Венгрия астанасы Будапешт қаласы Еуропаның басты клубтық турнирі – Чемпиондар лигасының финалын қабылдайды. 30 мамыр күні өтетін матчтың қарсаңында Будапешттің орталық Батырлар алаңында дәстүрлі «Чемпиондар фестивалі» жалауын көтерді. Дәл осы айтулы шарада қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше мақтаныш сезімін ұялататын сәт орын алды: көрмеге алматылық «Қайраттың» шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың қолтаңбасы қойылған жейде шығарылды.

Бразилиялық аңыз бен 25 мыңнан астам жанкүйер

Футбол мерекесінің ресми шымылдығын «Милан» құрамында 2007 жылы Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған аңызға айналған бразилиялық қорғаушы Кафу ашты. Ол турнирдің бас кубогын алаңға салтанатты түрде жеткізіп, фестивальді бастап берді. УЕФА баспасөз қызметінің хабарлауынша, бейсенбінің кешіне дейін алаңға 25 мыңнан астам футбол сүйер қауым келіп үлгерген.

Фестиваль аясында жанкүйерлер үшін түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылған. Олардың ішіндегі ең басты экспозиция – биылғы чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне (топтық турниріне) қатысқан 32 команданың көшбасшылары қолтаңба қалдырған жейделер көрмесі. Осы элиталы тізімнің ішінде «Қайраттың» 17 жастағы түлегі Дастан Сәтпаевтың да жейдесі ілініп, әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың футболкаларымен қатар тұр.

Фото: Марина Кириллова

Аңыздар турнирі және ағылшын хет-тригінің интригасы

Бүгін фестиваль аясында жанкүйерлерді тағы бір үлкен шоу күтіп тұр. Жасыл алаңға Луиш Фигу, Рикардиньо, Эстебан Камбьяссо, Эшли Коул, Гаиска Мендьета, Робер Пирес, Роберто Карлос, Клод Макелеле және Марко Матерацци сынды әлемдік футболдың хас шеберлері шығып, Ultimate Champions Legends мини-турнирінде бақ сынайды.

Ал сенбі күнгі финалдық бәсеке еурокубоктық маусымның нүктесін қоймақ. Биыл Еуропа лигасы мен Конференция лигасының кубоктары Англияға кетті. Бұған дейін, «Астон Вилла» мен «Кристал Пэлас» топ жарса, ендігі басты сұрақ, лондондық «Арсенал» финалда жеңіске жетіп, Англия үшін үшінші еурокубокты алып келе ала ма? Әлде франциялық «Пари Сен-Жермен» (ПСЖ) екі жыл қатарынан чемпион атана ма?

Чемпиондар лигасының финалдық кездесуі 30 мамыр күні Будапешттегі әйгілі «Ференц Пушкаш Аренада» өтеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 21:00-де басталады.

Бұған дейін, Kursiv Media Чемпиондар лигасының финалдық ойнын қайдан көруге болатынын жазған еді.