Жаңалықтар

ЕАЭО елдері Туниспен еркін сауда туралы келіссөздерді бастайды

ЕАЭО елдері Туниспен еркін сауда туралы келіссөздерді бастайды
ЕАЭО елдері Туниспен еркін сауда туралы келіссөздерді бастайды/ фото: Серикжан Ковланбаев

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында екі маңызды халықаралық құжатқа қол қойылды. Енді ЕАЭО елдері Туниспен еркін сауда туралы келіссөздерді бастайды. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев айтты.

Сағынтаевтың айтуынша, Тунис – еуразиялық «бестік» мемлекеттері үшін Африканың қарқынды дамып келе жатқан нарығына шығудың стратегиялық нүктесі.

Екіншіден, Сербиямен 2019 жылы қол жеткізілген жекелеген уағдаластықтарды жаңарту туралы шешім қабылданды. Жаңа шешім бойынша, тауар тасымалдауға қажетті құжаттарды толтыру жеңілдейді. Бұл шара ЕАЭО мен Сербия арасында тасымалданатын тауарларды кедендік рәсімдеудің сапасын арттыруға көмектеседі.

ЕАЭО-ның жаңа сауда серіктестері

Сонымен қатар мемлекет басшылары ЕАЭО-ның соңғы 5 жылдағы сауда саясатының нәтижелерін қарастырды. Осы уақыт ішінде Одақ сыртқы сауда серіктестігі желісін айтарлықтай кеңейтті.

«Сербия және Иранмен преференциалдық (жеңілдетілген) келісімдер күшіне енді, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерімен, Индонезиямен және Моңғолиямен жаңа келісімдерге қол қойылды.

Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімі 2026 жылғы 22 шілдеде күшіне енеді. Үндістанмен келіссөздер жүріп жатыр. Пәкістанмен бірлескен зерттеу тобының жұмысы іске қосылды.

Одақ Иордания, Оңтүстік Африка Республикасы және Зимбабве елдеріне келіссөздер процесін одан әрі ілгерілетуге ұсыныс білдірді, енді серіктестердің жауабын күтеміз», – деді Сағынтаев.

Бүгінде ЕАЭО 25 мемлекетпен, 12 бірлестікпен және 47 халықаралық ұйыммен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған.

Айта кетейік, экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Оның айтуынша, ЕАЭО елдері макроэкономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отыр.