
ЕуроОдақ қытайлық Temu маркетплейсіне 200 млн еуро айыппұл салды. ЕО комиссиясы платформа цифрлық сауда ережесін бұзып, аса қауіпті тауарлар сатқан деп есептейді.
Еурокомиссия мәліметінше, Temu платформасында зиянды балалар ойыншығы, жұмыс істемейтін қуаттағыштар және тұтынушының денсаулығына қауіп төндіретін өзге де тауарлар сатылған.
Оқи отырыңыз: «Айына миллиондап табуға болады»: сауда отаны Гуанчжоуда жүрген байердің әңгімесі
ЕуроОдақ Temu-ға қатысты тергеуді 2024 жылдың қазан айында бастаған. Тексеріс кезінде тәуелсіз сарапшылар бақылау мақсатында платформадан тауарлар сатып алып, сынақтан өткізді. Нәтижесінде Temu арқылы алынған қуаттағыш құрылғылардың басым бөлігі электр қауіпсіздігі талаптарына сай болмай шықты. Ал балалар ойыншықтарынан қауіпті химиялық заттар мен бала өміріне қауіп төндіретін ұсақ бөлшектер табылды.
Еурокомиссия шешімінен кейін Temu компаниясы 28 тамызға дейін олқылықтарды жою және тауар сапасын бақылауды күшейту жоспарын ұсынуға тиіс. Осыдан кейін Еурокомиссия екі ай ішінде компанияның ЕО заңнамасын қаншалықты орындағанын тексереді.
Temu өкілдері ЕуроОдақтың шешіммен келіспейтіндерін және айыппұл мөлшері тым жоғары екенін мәлімдеді. Маркетплейс өкілінің айтуынша, тексеріс 2024 жылғы жағдайға негізделген және платформаның қазіргі деңгейіне сай емес.
Еске салайық, былтыр күзде Германия Temu-ға қарсы іс қозғаған еді. Федералдық монополияға қарсы ведомство компанияны Германия нарығындағы сатушылардың баға саясатына заңсыз талаптар қоюы мүмкін деп айыптады.