
Танымал қазақстандық боксшы Ангелина Лукас мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың бірнеше ай жалақы ала алмай жүргеніне байланысты туындаған даулы жағдайға қатысты пікір білдірді. Спортшы өзінің де кезінде осындай әділетсіздікпен бетпе-бет келгенін ашық айтты.
«Бұл жағдайға таңғалмаймын. Қазақстан құрамасында жүргенде менің де басымнан өткен. Команда көшбасшыларының бірі болсам да, маған бары-жоғы 50 мың теңге жалақы төлейтін. Бірақ ең сорақысы спортшы шындықты айтқанда немесе жүйеге қарамастан нәтиже көрсеткенде, қолдаудың орнына қысым, қудалау және тапсырыспен жазылған мақалалар басталады. Өзім де мұны бастан өткердім: мен туралы ақпаратты ортақ чаттарға тастап, жабыла шабуылдауға шақырған кездер болды», – деп жазды ол өзінің Instagram парақшасында.
Спортшының айтуынша, ол әуесқой бокста 250-ге жуық жекпе-жек өткізген. Құрамадан кеткенге дейін Қазақстан тарихында тұңғыш рет Әлем Кубогының чемпионы атанды. Ал кәсіпқой боксқа ауысқан соң, спорт тарихын жазуды одан ары жалғастырды.
«Министрлік уәде берген, бірақ нәтиже жоқ»
Ангелина Лукас Дүниежүзілік бокс ұйымдарының чемпиондары Дебора Анаи Лопес (WBO) пен Даниэла Асенджоны (IBO, WBC), сондай-ақ мексикалық Анна Аррасоланы жеңіп, IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. 4-ші жекпе-жегінде Қазақстанға алғаш рет WBC International титулын алып келді. 21 күн ішінде 3 жекпе-жек өткізіп, аталған көрсеткіш Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Боксшының сөзінше, бұл жетістіктерінен көпшілік бейхабар. Сонымен қатар ол Олимпиадаға іріктеу кезіндегі келеңсіздіктерді де атап өтті.
«2024 жылы Париждегі Олимпиада алдындағы лицензиялық турнир туралы маған небәрі бір ай қалғанда хабарлады. Ол кезде кәсіпқой жекпе-жектердің келісімшарттарына қол қойып қойған едім. Мұны кейіннен «біз оны шақырғанбыз негізі» деп сылтаурату үшін ғана істеді», – дейді ол.
Ангелина Лукас өткен жылы спорт және дене шынықтыру министрі Ербол Мырзабосыновпен кездескенін, сол кезде оған қаржылай және ақпараттық қолдау көрсетуге уәде берілгенін айтты. Алайда кейін министрліктен «кәсіпқой спортқа қолдау көрсетілмейді» деген жауап алған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Спортты дамыту дирекциясы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада ойындарының қатысушысы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты туындаған дау туралы екі рет түсініктеме берген болатын.