Жаңалықтар

«Қайрат» жанкүйері Әлібеков пен блогерлерді стадионға кіргізбеуді ұсынды

Бейбіт Әлібеков және Ордабасы клубының жанкүйерлері
Бейбіт Әлібеков «Ордабасы» клубының басты жанкүйеріне айналды / фото: Instagram/Beibit Alibekov

Қазақстан премьер-лигасының 12-турында «Ордабасы» (Шымкент) өз алаңында «Қайрат» (Алматы) клубын 2:1 есебімен жеңді.

Маңызды матч

Шымкенттік команда осы жеңісінен кейін 28 ұпаймен турнир көшін бастады. Ал одан екі ұпай кем жинаған алматылық клуб екінші сатыға түсіп қалды.

Матчтың 14-минутында Жоржиньо есеп ашқан. Алайда көп уақыт өтпей-ақ алаң иелері Ги-Марселин Килама көмегімен есепті теңестірген. Маңызды ойындағы жеңіс голын екінші таймның 64-минутында Елхан Астанов соққан. Осылайша үш ұпай иеленген «Ордабасы» турнир кестесінің бірінші сатысына көтерілді.

Жанкүйерлер Әлібековке шүйлікті

2026 жылғы ақпанда «Ордабасы» командасының ресми амбассадоры атанған Бейбіт Әлібеков те осы матчта шымкенттік клубқа қолдау көрсетті. Ол «Қайрат» жеңілетінін матч басталмай жатып-ақ Threds-те сенімді түрде мәлімдеген.

Кәсіпкер әрі блогердің әлеуметтік желідегі белсенділігі матч қарсаңында және одан кейін де «Қайрат» жанкүйерлерінің сынына тап болды. Олардың бірі Әлібековті, сонымен бірге «Ордабасыға» жақтасқан алматылық блогерлерді Орталық стадионға кіргіздеуді ұсынды.

Қайрат жанкүйерлері Бейбіт Әлібековті сынады
Threads әлеуметтік желісінен скриншот

Өзін «клуб қожайындарының бірімін» деп таныстырған Әлібеков жанкүйердің стадионға жібермеу туралы ұсынысын «күлкілі» деп сипаттады.

Қайрат жанкүйерлері Бейбіт Әлібековті сынады
Threads әлеуметтік желісінен скриншот

Оның айтуынша, Шымкент стадионындағы бесінші сектордағы алматылықтардың бәрі «Ордабасы» үшін жанкүйер болған.

Әлібеков бұған дейін де басқа бір қаладағы клубты дамытуға қосқан үлесі үшін сынға ұшырағанын түсіне алмағанын бұған дейін де жазған.

«Ордабасы» клубын дамытуға атсалысып жүргеніміз үшін бізді неге хейттеу керек екенін түсінбеймін. Барлығына үлгі болғымыз келеді. Иә, біз Алматыданбыз, бірақ енді өз командамыз бар. Алға Шымкент, алға қазақ футболы», – деп ұрандатқан Threads-де Әлібеков.

«Ордабасы» кімге тиесілі?

2026 жылғы ақпанда «Ордабасы» футбол клубы жеке қолға өтетіні мәлім болды. Сол кезде Шымкент әкімдігі мен Шахмұрат Мүтәліптің Integra Construction KZ компаниясы меморандумға қол қойған.

Алайда бір күн бұрын, 28 мамырда клуб аукционда сатылмай қалғаны мәлім болды. «Ордабасы» 224,1 млн теңгеге бағаланған. Заң тілімен айтқанда, шымкенттік клуб әлі де болса қала әкімдігінің меншігі саналады, бірақ Integra компаниясы оны сатып алуға ниеттеніп отыр.

Қазақстандағы футбол клубтары кімдерге тиесілі екенін білгіңіз келсе, Kursiv.Media материалын оқыңыз.