Жаңалықтар

Қызылорда неміс технологиясымен шыны ыдыс шығарады

Неміс технологиясымен шыны ыдыс дайындау әдісі
Неміс технологиясымен шыны ыдыс әзірлеу / фото: hornglass.com

Қызылордада 60 млрд теңгеге шыны ыдыс шығаратын зауыт құрылысы басталды. «Seven Rivers» компаниясына тиесілі өндіріс Horn неміс технологиясымен жабдықталып, сапасы жоғары өнім шығарады.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жылына 240 млн дана шыны ыдыс өндіретін зауыт салу жөніндегі келісім «Қазақ-Герман» бизнес-форумы аясында жасалған. Кәсіпорында 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Кәсіпорын 2027 жылғы желтоқсанда ашылады деп жоспарланған.

Зауытқа «Өндіріс» индустриялық аймағынан 38 гектар жер телімі бөлінген. Мұнда шыны қалдықтары қайта өңделеді. Бұған қоса шикізат ретінде өңірдегі жоғары сапалы кварц құмы, әк және доломит қорлары қолданылады.

Қызылорда облысы алдағы үш жылда 1,9 трлн теңгеге 48 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр.

Бұған дейін Kursiv.Media қытай компаниясы Алматыда 300 млн долларға қоқыстан қуат өндіретін зауыт салатыны туралы жазған.