
Қырғызстан Республикасының Президенті Садыр Жапаров Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО-ның жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті платформаға айнала алатынын айтты.
Жапаров бүгінде әлемдік экономиканың түбегейлі өзгеріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазір елдер арасындағы экономикалық бәсеке күшейіп, технологиялар өте жылдам дамып, халықаралық серіктестік ережелері қайта қаралып жатыр.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ұлттық экономикалық тұрақтылық, технологиялық егемендік, жеткізу тізбегінің қорғалуы, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері алдыңғы қатарға шығып отыр.
Қырғыз Республикасының Президенті бүгінгі таңда бәсекелестік тек технологияларға қол жеткізу үшін ғана емес, сонымен қатар оларды енгізу жылдамдығы, инновацияларды ауқымдандыру және экономиканың нақты секторында тиімді қолдану қабілеті үшін де жүріп жатқанын қадап айтты.
Садыр Жапаров ЕАЭО жай ғана тауар сататын ортақ нарық болып қалмауы керек деп есептейді. Оның пайымдауынша, одақ өзара технологиялық серіктестік орнатып, жаңа инновациялар мен экономикалық өсу нүктелерін жасауға толық мүмкіндігі бар.
«Жасанды интеллектіні бірге дамытсақ, бұл Одақтың технологиялық дамуына үлкен серпін береді», – деп мәлімдеді Садыр Жапаров.
Президент, сондай-ақ, ЕАЭО аясында жаңа сауда келісімдерін белсенді жасасу өндірушілер мен экспорттаушылар үшін ауқымды перспективалар ашатынын атап өтті.
«Қабылданған келісімдер қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде жұмыс істеуі керек. Құжаттарды рәсімдеу жеңілдеп, тауар тасымалы тездеп, нарықтар бір-біріне ашық болуы өте маңызды», – деді ол.
Сөз соңында Садыр Жапаров қазір әлемде тек бір ғана технологиямен алға шығу мүмкін емес екенін айтты. Бүгінде нағыз басымдыққа ие болу үшін барлық технологияларды бір-бірімен байланыстырып, кешенді түрде қолдана білу керек.
Айта кетейік, бұған дейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы Ресейде өтетінін жазған едік.