
Атырауда төрт адамның қазасына қатысты Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты өтіп жатыр. Сот процесіне айыпталушының әкесі Самиғолла Сәрсемалиев куә ретінде қатысты.
«Төртінші немерем дүниеге келмей тұрып үш немерем қолымда тұрды. Кейін балалар қалаға көшіп кетті. Ұлым мен келінім соңына дейін бірге тұрды. Айғай-шу мүлде болмады. Мұндай адам сенгісіз жағдай болады деп ойламадым. Құдалармен болған жанжалды тергеу кезде ғана естідім», – дейді әкесі.
Әкесінің айтуынша, Сұлтан мен Ақбаянның шетелге шығып кеткенін білмеген.
«Ұлым мен келінімнің Өзбекстан арқылы шетелге кеткенін естімедім. Естіген кезде Ақбаянның емі үшін шығар деп ойладым. Бізге Сұлтаннан қаржылай көмек болған жоқ. Ақбаянның барлық құжаты қызым Айдананың қолында болды», – дейді ол.
Бұған дейін Сұлтан Сәрсемәлиев әкесінен жауап алынып жатқан кезде басын көтермей, көз жасына ерік берді.