Экономика

Тайвань қор нарығының көлемі бойынша Үндістанды басып озды

Үндістан және Тайвань / фото: gemini AI

2026 жылдың 25 мамырындағы сауда қорытындысы бойынша Тайвань қор нарығының жалпы құны (капитализациясы) 4,95 трлн долларға жетті. Осылайша ол тарихта бірінші рет Үндістан нарығынан (4,92 трлн доллар) асып түсті. Енді Тайвань әлемдегі ең үлкен бес қор нарығының қатарына кірді. Оның алдында тек АҚШ, Қытай, Жапония және Гонконг қана бар.

Тайвань нарықтық капитализация бойынша Үндістанды басып озды.
Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Тайвань нарығының мұндай өсіміне Taiwan Semiconductor Manufacturing Company (TSMC) себепкер болып отыр. 2026 жылдың басынан бері оның Тайвань биржасындағы акциялары 49%-ға өсті, ал АҚШ биржасындағы акциялары соңғы бір жылда 106%-ға қымбаттап, нәтижесінде компанияның жалпы құны 2,1 трлн долларға жетті.

Қазір Тайвань қор нарығының 42%-ы осы бір ғана компанияға тиесілі. Дамыған нарықтар үшін бір компанияның бүкіл нарықтың жартысына жуығын иеленуі – өте сирек кездесетін жағдай.

Жасанды интеллект және монополия

TSMC әлемдегі ең озық чиптердің (микросхемалардың) 90%-ға жуығын шығарады. Осындай нарықты толықтай дерлік жаулап алуы – компанияның және бүкіл Тайвань нарығының құнын арттырып отыр.

Еске сала кетейік, 14 мамырда Дональд Трамп пен Си Цзиньпин Иран, Украина, Тайвань мәселелерін талқылаған.