
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы тығыз ынтымақтастық әр мемлекетке нақты пайда беріп отыр. Ресей президенті Владимир Путин Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде осылай деп мәлімдеді.
«Қазіргі жағдайдың ерекшелігін ескересек, еуразиялық интеграцияның тереңдеуі біздің бірлестікке мүше әрбір мемлекет үшін нақты пайда әкелетінін ерекше атап өткім келеді. Бұл бизнес табысының артуына, азаматтарымыздың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді», – деді Ресей басшысы.
Путиннің айтуынша, ЕАЭО-ға мүше бес елдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері тұрақты оң өсім көрсетіп отыр.
«Біздің «бестіктің» негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің серпіні тұрақты әрі оң сипатқа ие», – деді ол.
Ресей президенті келтірген мәліметке сәйкес, ЕАЭО-дағы өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 1,6%-ға, ауыл шаруашылығы өндірісі 4,6%-ға, ал құрылыс саласы 4,2%-ға өскен.
Сонымен қатар, оның сөзінше, экономиканың көптеген салаларында өсім байқалады. Былтыр одаққа мүше мемлекеттер арасындағы өзара тауар айналымы 95 млрд долларға жеткен.
Путин сондай-ақ жоғары технологиялық өнімдер жеткізілімі ұлғайып, шикізат тауарларының үлесі азаюының арқасында өзара сауда құрылымы жақсарып келе жатқанын атап өтті.
Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ЕАЭО макроэкономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отырғанын айтты.
Айта кетейік, Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко және Армения Республикасының Вице-премьері Мгер Григорян қатысып жатыр.