Қоғам

Маусымнан бастап елде не өзгереді

Қазақстанда маусымнан бастап не өзгереді/фото: Делия Айдаралиева

Жаздың алғашқы күні әдеттегідей мерекемен басталады. Бірінші маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күні демалыс берілмейді, сондай-ақ Қазақстанда бұл айда ресми мереке жоқ. Осылайша қазақстандықтар бұл айда тек сенбі және жексенбіде демалады.

KursivMedia маусымнан бастап елде қандай өзгеріс болатынына шолу жасады.

Мұнай экспорттау құны қымбаттайды

Маусымнан бастап Қазақстанның мұнай құбырлары арқылы шикізат экпорттау құны қымбаттайды. «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы қабылдаған шешімге сәйкес, тасымал тарифі 10,6 пайыз өседі. Мұнай экспорттаушылар енді әр тонна үшін 1 200 теңге артық төлейді.

Яғни, 1 тонна мұнайды 1 000 шақырымға айдау бағасы 11 300 теңгеден 12 500 теңге жетті. Халықаралық нарық үшін бұл сома шамамен 27 долларға тең.

Тариф тек шетелге шығарылатын мұнайға қатысты қымбаттаған, ел ішіндегі тасымалға әсер етпейді.

Ескі банкноттар айналымнан шығарылады

25 маусымда 2 000 теңгелік ескі банкноттың айналымда жүру уақыты аяқталады. Содан кейін банктер мен «Қазпошта» ескі купюраларды жаңасына тағы үш жыл бойы айырбастай береді. Ал Ұлттық банк филиалдары банкнотаны уақытқа қарамай қабылдайды.

Сондай-ақ маусым айында 10 000 теңгелік банкноттардың қатар айналыста жүру мерзімі аяқталуға тиіс еді. Алайда Ұлттық банк бұл кезеңді 2027 жылдың маусымына дейін ұзартты.

Техпаспорт онлайн рәсімделеді

Маусымнан бастап жылжымайтын мүліктің техникалық паспорты тек онлайн рәсімделеді.

eGov.kz порталында жылжымайтын мүлік нысандарына техникалық паспорт беру бойынша мемлекеттік қызметтер жаңартылды.

Бұған дейін төлем жасау және дайын құжатты алу үшін ХҚКО-ға бару қажет еді. Енді бұл процесс толықтай онлайн форматқа көшірілді: төлем өтінім беру кезінде жүзеге асырылады, ал дайын техникалық паспорт немесе кадастрлық паспорт автоматты түрде eGov.kz порталындағы пайдаланушының Жеке кабинетінің «Қызметтерді алу тарихы» бөліміне жүктеледі.

Қызмет көрсету мерзімі жылжымайтын мүлік нысаны түріне байланысты болады.

«Алматы жастары» бағдарламасына құжат қабылданады

 1-15 маусым аралығында «Алматы жастары» бағдарламасына өтінім қабылданады.

Өтінімдерді kezekte.kz порталындағы «Тұрғын үй сервистері» бөлімінде орналасқан «Almaty Jastary» сервисі арқылы онлайн жолдауға болады. Жүйеге кіру үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.

Бағдарлама шарттары:

  • тұрғын үй несиесінің ең жоғары сомасы – 20 млн теңге;
  • жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5%;
  • бастапқы жарна – 10%;
  • бастапқы және екінші нарықтағы баспананы сатып алуға мүмкіндік қарастырылған.

Жобаға Алматыда тұратын 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.

Штатқа алуға мәжбүрлейтін заң күшіне енеді

8 маусымнан бастап Еңбек кодексіне енгізілген жаңа түзетулер күшіне енеді. Соған сәйкес, енді жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қатынаста кәдімгі еңбек қатынастарының кем дегенде бір белгісі байқалса, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (АҚС) жасасуға қатаң тыйым салынады.

Бұрын компаниялар кеңседе тұрақты жұмыс істейтін адамдардың өзін АҚС шарт арқылы жұмысқа ала беретін. Енді заң бойынша шарттың құжаттағы атауына емес, жұмыстың нақты қалай істеліп жатқанына басты назар аударылады.

Жаңа ережелерді сақтамаған және заң талаптарын айналып өткісі келген кәсіпкерлер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер тексеріс кезінде компания АҚС шарты арқылы тұрақты қызметкерді ұстап отырғаны анықталса, бизнеске 648 750 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Оған қоса, жұмыс беруші ол адамды ресми түрде штатқа қабылдауға, демалыс ақысы мен аурухана парағы сияқты барлық еңбек кепілдігін ұсынуға мәжбүр болады.

Магистратураға құжат қабылдау басталады

1 маусымнан бастап магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге қатысуға өтініштерді қабылдау басталады.

Тіркеу 8 шілдеге дейін app.testcenter.kz сайтында жүргізіледі. Ал тестілеудің өзі 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді.

Тіркелу кезінде талапкер тест тапсыратын қаланы өзі таңдайды. Берілген өтінішке өзгерістерді 8 шілдеге дейін енгізуге болады. Тестілеудің өтетін орны, күні мен уақыты туралы ақпарат 14 шілдеде талапкердің жеке кабинетінде жарияланады.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу электронды форматта өткізіліп, үш бөлімнен тұрады. Шекті балл – 75 балл.

Теміржол тасымалы

16 маусымнан бастап ел ішіндегі туристік аймақтарға пойыздар қатынайды. Тізімде Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодардан Достық пен Балқашқа қатынайтын пойыздар бар.

Жазда пойыз құрамы орта есеппен 19-21 вагонға дейін көбейеді. Ал маусымаралық кезеңде 13-15 вагон болады.

Ал 1 маусымнан бастап Қарағанды – Балқаш бағыты бойынша №219/220 жолаушылар пойызы іске қосылады.

Әуе рейстері

Маусым-тамыз аралығында Астана – Балқаш, Үржар, Үшарал және Алматы – Балқаш, Үржар, Үшарал бағыттары бойынша аптасына 7 рейске дейін қосымша әуе рейстері ашылады.

Алматы – Балқаш – Алматы бағыты бойынша рейстерді SCAT әуе компаниясы орындайды. Астана – Балқаш – Астана бағытында жолаушыларды Vietjet Qazaqstan компаниясы тасымалдайды.

Бұл бағыттар бойынша әуе билеті құны 16 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болады.

Ресми субсидияланатын рейстерден бөлек демалыс аймақтарына коммерциялық чартерлік рейстер де ұйымдастырылуы мүмкін. Қазір бұл мәселені туроператорлар пысықтап жатыр.

Шетелге саяхат

Air Astana жазғы кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Соған байланысты 2 маусымнан бастап аптасына екі рет Астана-Гуанчжоу, сондай-ақ Астана мен Алматыдан Ларнакаға (Кипр) Airbus A321LR әуе кемесімен жаңа рейстер орындалады.

4 маусымда Алматы – Ларнака бағыты іске қосылады.

25 маусымнан бастап FlyArystan Грузияға жазғы рейстер санын көбейтеді. Осылайша Астанадан Батумиге аптасына үш рет ұшады.

Айта кетейік, Грузияның «Туризм туралы» заңына сәйкес ел аумағына кіретін барлық туристің медициналық сақтандыру және жазатайым оқиғалардан сақтандыру полисі болуы керек.

16 маусымда Шымкенттен Әзербайжанға тікелей рейс іске қосылады. AZAL әуе компаниясының хабарлауынша, 16-27 маусым аралығында аптасына екі рет, сейсенбі және сенбі күндері ұшуға болады. Ал 30 маусымнан бастап тағы бір рейс қосылады. Осылайша Бакудан Шымкентке сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері, ал кері бағытта сәрсенбі, жұма және жексенбіде ұшу қарастырылған.