
Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың айналасында туындаған қаржылық, келісімшарт айналасындағы дау оң шешімін тапты. ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев спортшының жағдайына қатысты ресми мәлімдеме жасап, тараптар ортақ мәмілеге келгенін хабарлады.
Келісімшартқа қол қойылды
Серік Жарасбаев қоғамда үлкен резонанс тудырған мәселе заң шеңберінде толықтай реттелгенін атап өтті.
«Бүгінгі күні келісімшарт Шайдоровтың командасына жолданды және оған қол қойылды. Қол қою рәсімінің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтті. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылады», – деді вице-министр.
Министрлік өкілінің сөзінше, құжат ресми түрде жұмыс тәртібімен қабылданған. Енді алдағы уақытта келісімшартта көрсетілген барлық қаржы спортшыға толық көлемде төленетін болады.
АҚШ-тағы дайындық
Ресми мәлімдемеде чемпионның алдағы жоспарлары да белгілі болды. 5 маусым күні Михаил Шайдоров жаңа маусымға тас-түйін дайындық жүргізу үшін АҚШ-қа аттанады. Шетелге кетер алдында, бірер күнде Михаил өзінің командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне арнайы келеді.
Кездесу барысында спортшы мен шенеуніктер алдағы жоспарларды, келесі Олимпиада ойындарына дайындық барысын және елімізде мәнерлеп сырғанау спортын дамытудың бағыт-бағдарын өзара талқылап, пікір алмаспақ.
«Михаил Шайдоров – отандық спорттың мақтанышы, өз есімін ел спортының тарихына алтын әріптермен жазған саңлақ. Біз оны әрдайым қолдаймыз», – деп түйіндеді Серік Жарасбаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров Тимур Балымбетовке берген сұхбатында бес айдан бері жалақысын алмай жүргенін айтқан еді.