Жаңалықтар

Чехия мен Венгриядан елге жеткізілген керқұландар еркіндікке шықты

Керқұлан еркіндікке жіберілді
Еркіндікке шыққан үйір / фото: gov.kz

2025 жылы Чехия мен Венгриядан Қазақстанға жеткізілген керқұландар еркіндікке жіберілді. Олар бір жыл бойы даладағы дербес тіршілікке дайындалды.

Айғыр Галван Прага қаласынан, ал төрт бие Венгриядағы Хортобадь ұлттық паркінен елге жеткізілген. Олар осы уақытқа дейін мамандар мен ветеринарлар бақылауымен бейімделу кезеңінен өтті. Ал 25 мамырда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында бір топ керқұлан табиғатқа жіберілді.

«Осы уақыт ішінде керқұландар жаңа табиғи-климаттық жағдайларға сәтті бейімделіп, қысты аман өткізіп, даладағы дербес тіршілікке дайындалды», – деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Табиғатқа жіберер алдында Галван айғырына GPS-қарғыбауы тағылды. Ол үйірдің қозғалысын бақылауға және жануарлардың табиғи ортадағы мінез-құлқы туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Үйір «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағын игере бастады. Мамандар жануарлардың жағдайы жақсы, олар жаңа жайылымдар мен суаттарды белсенді түрде зерттеп жүргенін айтты.

керқұлан
Бие құлындады / фото: Қазақ орманы

Ал мамырдың ортасында құландардың бір биесі төлдеген. Жоспар бойынша, биыл шілде-тамыз айларында «Алтын Даладан» 20 керқұлан еркіндікке шығады.

Қазақстанда құландарды қайта жерсіндіру бағдарламасы 2017 жылы басталған. Содан бері 35-і Торғай даласына еркіне жіберілді. Қазір 27 құлан табиғатта мекендейді.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы маусымда Қазақстанға жеткізілуі тиіс керқұлан қашып, Прагада қозғалысты бөгеген.