Жаңалықтар

Маусымда елде қандай фестиваль өтеді

фото: ашық дереккөзден

Маусымда Қазақстанның бірнеше өңірінде мәдени және спорттық бағыттағы фестивальдер өтеді. Солардың ең ауқымдысын назарларыңызға ұсынамыз.

«АЛТЫН БЕСІК – АҚСУАТ»

  • Уақыты: 5-7 маусым
  • Өтетін орны: Абай облысы

«Алтын бесік – Ақсуат» өнер және спорт фестивалі Абай облысында өтеді. Мереке аймақтың бұқаралық спорты мен дәстүрлеріне арналады. Қонақтарды қазақ күресінен палуандар айқасы, ақындар айтысы, гала-концерт және отбасылық іс-шаралар күтеді.

BEU FEST

  • Уақыты: 6 маусым
  • Өтетін орны: Алматы

Алматыдағы Beu Fest – заманауи жастар мәдениетіне арналған жазғы музыкалық фестиваль. Мерекелік шарада танымал әртістер мен жаңа орындаушылардың жанды дауыстағы концерттері, диджей-сеттер, арт-аймақтар мен түрлі интерактивтер күтеді. Фестивальдің басты ерекшелігі – open-air форматында өтуі. Жыл сайын Beu Fest-ке мыңдаған қонақ жиналады.

THE SPIRIT OF TENGRI

  • Уақыты: 6-7 маусым
  • Өтетін орны: Алматы

Алматыда өтетін халықаралық The Spirit of Tengri фестивалі бір сахнада әлемнің түкпір-түкпірінен келген этникалық музыка орындаушыларының басын қосады. Бұл – заманауи дыбыс пен көне ырғақтың тоғысқан мерекесі дейді ұйымдастырушылар. Қонақтарды ашық аспан астындағы концерттер, арт-аймақтар мен гастро-бұрыштар күтеді.

«ҚАЗЫНАЛЫ КАСПИЙ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ

  • Уақыты: 17-18 маусым
  • Орны: Атырау қаласы

«Қазыналы Каспий» фестивалі бекіре тұқымдас балықтарды дәріптеуге, балық шаруашылығы мен аквақұрылымды дамытуға, инвестиция тартуға, экологиялық және гастрономиялық туризмді ілгерілетуге, сондай-ақ Каспий маңы елдері тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған. Фестиваль аясында бекіре шаруашылығына арналған көрмелер, балық өнімдерінің жәрмеңкелері мен дегустациялар өтеді.

БАЛҚАШ ТУРФЕСТ

  • Уақыты: 20-21 маусым
  • Өтетін орны: Қарағанды облысы

«БалқашТурФест» фестивалі жазда Балқаш көлінің жағасында, Ақшағыл кентінде өтеді. Фестиваль спорт пен мәдениет және гастрономияны біріктіріп, Балқаштың туристік тартымдылығын насихаттайды. Қонақтарды жүзу жарыстары, желкенді регата, концерттер, конкурстар мен лазерлік шоу күтеді.

«ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ» ПЕН «ЖОЛАН ЖҮЙРІГІ»

  • Уақыты: 27 маусым
  • Өтетін орны: Алматы облысы

«Қымызмұрындық» этнофестивалі мен «Жолан жүйрігі» халықаралық бәйгесі жазда Алматы облысында өтіп, қазақ даласының дәстүрлерін жарқын мерекемен ұштастырады. Тақырыбы – қымыз, ұлттық салт-дәстүрлер және ат спорты. Қатысушылар қымызға дегустация жасап, ойындар, шеберлік сағаттарын тамашалай алады. Шараның ерекшелігі – қомақты жүлде қоры бар «Жолан жүйрігі» бәйгесі.

«КӨКМАЙСА»

  • Уақыты: 20 маусым
  • Өтетін орны: Ұлытау облысы

«Көкмайса» фестивалі Ұлытауда өтеді. Мерекелік шарада елдің түкпір-түкпірінен келген туристер ұлттық тағамдардан, соның ішінде қымыздан дәм татып, қолөнер мен көне рецепттер бойынша шеберлік сағаттарына қатыса алады. Шараның ерекше құндылығы – ұмытылған дәстүрлерді жаңғырту және қазақ мәдениетін дәріптеу.

Тағы да оқыңыз: Алматыда LEVEL UP 2026 жастар фестивалі өтеді