
Бүгінде 8 жастағы Валерия көркем гимнастикамен айналысады, би билейді, халықаралық байқауларға қатысады, суретті тамаша салады, биыл мектептің бірінші сыныбын үздік аяқтады. Белсенді қыз өмірге бір жапырақ болып келіп, үлкен сынақтан өткеніне тіпті де сенбейсің.
«Сол күн өмірімізді екіге бөлді»
Валерияның анасы Ирина 2018 жылдың сәуір айын әлі күнге дейін ерекше толқыныспен еске алады.
«Жүктілігім жеңіл өтті. Ешқандай қауіп белгісі болған жоқ. Бірақ сәуірдің бір таңында бәрі күрт өзгерді. Сол күн өмірімізді «дейін» және «кейін» деп екіге бөлді», – дейді ол.
Әйел шұғыл түрде Алматы қалалық перинаталдық орталығына жеткізіледі. Дәрігерлер уақыт жоғалтпай, жедел кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылдайды.
Осылайша, салмағы небәрі 980 грамм, бойы 33 сантиметр болатын қыз бала дүниеге келеді.
«Әлемім төңкеріліп кеткендей болды. Қорқыныш, көз жасы, белгісіздік… Қалай өмір сүреміз? Не болады? Сондай кішкентай, сондай әлсіз еді», – деп еске алады анасы.
Реанимациядағы жеті күн
Жаңа туған сәби бірден жансақтау бөліміне жатқызылады.
Дәл осы жерде медицина қызметкерлерінің кәсібилігі ғана емес, адамгершілігі де үлкен рөл атқарды.
«Анна Гуксенқызының сөздерін ешқашан ұмытпаймын. Ол маған ең қиын күндері «берілмеңіз. Өзіңізді қолға алып, қызыңыз үшін күресіңіз» деді. Сол сөздер маған күш берді», – дейді Валерияның анасы.
Жеті күннен кейін кішкентай қыз өзінің нағыз күрескер екенін дәлелдейді. Оның жағдайы тұрақталып, әрі қарайғы ем қабылдау үшін жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылады.
Одан кейін қарқынды терапия палатасындағы ұзақ емдеу кезеңі басталды. Сәбидің емдеуші дәрігері Мадина Әділқызы болды.
«Біз күн сайын кішкентай жеңістерге қуанып отырдық. Әрбір қосылған грамм салмақ, әрбір тыныс – үлкен жетістік еді», – дейді анасы.

Бірінші маусымдағы ең үлкен сыйлық
Күрделі сынақтан кейін отбасы көптен күткен қуанышты күнге жетті. 1 маусым күні анасы мен қызы үйге шығарылды.
Алайда күрес мұнымен аяқталған жоқ. Алғашқы жыл тұрақты бақылаумен, дәрігер қабылдауларымен, тексерулермен және алаңдаушылықпен өтті. Бірақ уақыт өте келе қорқыныштың орнын сенім басты.
Бүгінгі Валерия
Қазір Валерия – белсенді, өнерлі әрі талантты қыз. Ол көркем гимнастикамен айналысады, би үйірмесіне қатысады, халықаралық байқауларда өнер көрсетеді, сурет салуды жақсы көреді. Ең бастысы – дені сау және бақытты бала болып өсіп келеді.

«Қызымды көрген сайын бір нәрсені түсінемін: егер сол кезде біздің жанымыздан кәсіби әрі жанашыр дәрігерлер табылмағанда, мұның бәрі болмас еді», – дейді анасы.
Шала туған нәрестелерді құтқарудағы заманауи мүмкіндіктер
Алматы қалалық перинаталдық орталығы директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, жоғары санатты акушер-гинеколог Салтанат Ерболатова соңғы жылдары шала туған нәрестелерді аман алып қалу көрсеткіші айтарлықтай жақсарғанын атап өтті.
«Бұрын салмағы 1 килограмға жетпейтін балаларды аман алып қалу өте күрделі міндет саналатын. Бүгінде заманауи технологиялардың, жаңа жабдықтардың және мамандар тәжірибесінің арқасында біз осындай сәбилердің өмірі үшін сәтті күресіп келеміз. Бірақ әрбір жағдай – жеке тарих, әрбір бала – ерекше жауапкершілік», – дейді маман.

Оның айтуынша, шала туған нәрестелерді күтіп-бағу – неонатологтар, реаниматологтар, акушер-гинекологтар, мейіргерлер мен ата-аналардың бірлескен еңбегі.
«Медицинада ғажайып жоқ дейді. Бірақ біз күн сайын соған ұқсас оқиғалардың куәсі боламыз. Бір кезде алақанға сыйған балалардың мектепке барып, спортпен айналысып, жетістікке жетіп жүргенін көру – біздің жұмысымыздың ең үлкен марапаты», – дейді Салтанат Ерболатова.
Үміт үзбеуге себеп
Валерияның оқиғасы – медицина мүмкіндіктерінің ғана емес, ана махаббатының, дәрігерлердің табандылығы мен командалық жұмыстың нәтижесі.
Бір кездері салмағы 980 грамм болған сәби бүгінде асқақ арманы бар, жарқын болашаққа қадам басқан қыз бала.
Ал оның өмір тарихы мыңдаған ата-анаға ең қиын сәттердің өзінде үміт үзбеуге себеп бола алады.
Әрбір үшінші шала туған сәби осында көмек алады
Алматы қалалық перинаталдық орталығы бүгінде өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жетекші медициналық ұйымдардың бірі саналады.
Өткен жылы орталыққа 22 500 пациент жүгінді. 16 700-ден астам ана мен олардың жаңа туған сәбилеріне стационарлық медициналық көмек көрсетілді. Орталықта 9014 сәби дүниеге келді.
Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – Алматы қаласындағы мерзімінен бұрын босанған әйелдердің 62%-ы дәл осы орталықта босанған. Бұл мекеменің шала туған нәрестелер мен жоғары қауіп тобына жататын жүкті әйелдерге мамандандырылған көмек көрсетудегі ерекше рөлін айқындайды.
Салтанат Ерболатованың айтуынша, мұндай көрсеткіштердің артында тәулік бойы жұмыс істейтін үлкен команданың еңбегі жатыр.
«Шала туған нәрестені күтіп-бағу – медициналық технологиялардың ғана емес, үлкен тәжірибе мен командалық жұмыстың нәтижесі. Біз үшін әрбір сәби – жеке тағдыр. Валерия сияқты балалардың бүгінде дені сау, белсенді болып өсіп келе жатқанын көру бізге жаңа күш береді және атқарып жатқан жұмысымыздың маңызын тағы бір рет дәлелдейді», – дейді Салтанат Тимурбекқызы.
Жанар Жолтаев
Қалалық перинаталдық орталықтың баспасөз хатшысы