Жаңалықтар

СІМ футболдан әлем чемпионатына баратын қазақстандықтарға кеңес берді

СІМ футболдан әлем чемпионатына баратын қазақстандықтарға кеңес берді
СІМ футболдан әлем чемпионатына баратын қазақстандықтарға кеңес берді/ фото: Shutterstock/Noushad Thekkayil

Қазақстан СІМ-нің ресми өкілі Ерлан Жетібаев әлем чемпионатына баратын қазақстандық жанкүйерлерге қауіпсіздік шараларына байланысты ескерту жасады.

Ол қазақстандықтарды өзімен бірге құжаттарын немесе олардың көшірмелерін алып жүруге және жергілікті құқық қорғау органдарының талаптарын орындауға шақырды.

Сондай-ақ маршруттарды алдын ала жоспарлау, ресми сервистерді пайдалану және рұқсат етілмеген, адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу ұсынылды.

Ерлан Жетібаев шетелдегі көші-қон заңнамасы мен визалық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін ерекше атап өтті.

«Төтенше жағдайлар туындаған кезде жергілікті шұғыл қызметтерге немесе Қазақстанның консулдық мекемелеріне хабарласу керек», – деді ол.

Сонымен қатар ол матчтарға баратын қазақстандық жанкүйерлердің нақты саны туралы мәлімет жоқ екенін айтты.

Айта кетейік, футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.

Бұған дейін футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионатын қайдан көруге болатынын жазған едік.