Жаңалықтар

ҰҚК шетелге бензин мен дизель отынын заңсыз шығармақ болғандарды ұстады

Ресей шетелге бензин сатуға тыйым салды
Фото: shutterstock

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі елден мұнай өнімдерін заңсыз шығарудың алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесін жариялады.

Ведомствоның хабарлауынша, жыл басынан бері өткізу бекеттерінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз тасымалдаудың 2400-ден астам дерегі анықталып, жолы кесілген.

«Тәркіленген өнім көлемі (бензин, дизель отыны, керосин және басқа да мұнай өнімдері) 300 тоннадан асты. Оның жалпы құны шамамен 60 млн теңгені құрайды», – делінген хабарламада.

ҰҚК кінәлі адамдар заң аясында жауапқа тартылғанын мәлімдеді.

Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбе облысында контрабандалық жолмен 8 млрд теңгенің мұнай өнімдерінің ұрланғаны анықталған болатын.