Қоғам

Алатау қаласындағы олқылық: Тоқаев вице-премьер мен әкімді сынады

Тоқаев Алматы облысына барды/фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын салу мен аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдай бір-біріне қайшы екенін айтты.

Қалаға қосылған Жетіген, Қоянқұс және тағы басқа елді мекен тұрғындары тұрмысқа қажетті қарапайым жағдай жасалмағанын айтады.

Тұрғындар электрдің жиі өшуіне қатысты арыз-шағымның көптігін былай қойғанда, тұрақты интернеттің, сапалы жолдың, орталықтандырылған судың жоқтығын алға тартқан.

«Мұндай проблемалар облыстың барлық аумағында бар. 2025 жылы электр желісінің тозуы 70 пайызға жуықтап, соның салдарынан электр қуаты 919 рет өшкен», – деді Тоқаев.

Қаланың жаңа аудандарында инженерлік коммуникация тарту жұмыстары әлі күнге дейін жобалау сатысында тұр. Үш қосалқы станцияны жөндеу және су алу қондырғысының қуатын арттыру жобалары белгіленген кестеден кешігіп жатыр.

«Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады. Мұны ашық айтайық. Бұл жағдайды премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың, әкім Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық деп санаймын. Жалпы, жаңа энергия қуаты көздерін кеңейту мен іске қосу қажеттігі – елдік деңгейдегі мәселе», – деді президент Алматы облысына жасаған сапарында.

Бұған дейін президент Үкіметке Алатауға бастапқы кезеңде қаланың негізгі инфрақұрылымын дамыту мақсатында тұрақты түрде қаржы бөліп отыруды тапсырды.