
Алматы қаласында кәмелет жасқа толмаған балаларды түнде кіргізіп, оларға ішімдік сатқан үш ойын-сауық орны уақытша жабылды. Полиция мегаполистердегі түнгі клубтарды тексерген.
Құзырлы орган мәліметінше, ойын-сауық мекемелерінің иелері мен қызметкерлері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Заң талаптарын өрескел бұзған үш ойын-сауық орнына қатысты қатаң шаралар қабылданып, олардың қызметі уақытша тоқтатылды», – деп таратты полиция.
Мәліметтерге қарағанда, түнгі клубта ішімдікпен ұсталған жасөспірімдердің ата-аналары заң алдында жауап береді. Полиция түнгі тексеруді үнемі жүргізіп отыруды көздеп отыр.
«Жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуы олардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтарға қатысты полиция тарапынан қағидатты әрі қатаң шаралар қабылданады. Нәтижесінде үш мекеменің қызметі уақытша тоқтатылды. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жалғасатын болады, – деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.
Тәртіп сақшылары ата-аналар мен ойын-сауық орындарының иелеріне заң талаптарын қатаң сақтауға кеңес берді.
