Жаңалықтар

Алматыда жаңа көлік жүйесі: Президент «Skytrain» желісін салуды тапсырды

Алматыда жаңа көлік жүйесі: Президент «Skytrain» желісін салуды тапсырды / Фото: Shutterstock

Мемлекет басшысы Алматы агломерациясын дамыту және көлік кептелісі мәселесін шешу үшін бірнеше маңызды міндеттерді жүктеді. Соның ішінде өңірде мүлдем жаңа қоғамдық көлік жүйесі – «Skytrain» пайда болуы мүмкін.

Президент Алматы мен жаңадан бой көтеріп жатқан Алатау қаласының іргелес орналасуы экономикалық және логистикалық тұрғыдан зор мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. Алатау қаласында бизнеске қолайлы жағдай жасау арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Бұл Алматыға күнделікті ағылатын халықтың санын азайтуға септігін тигізбек.

Күн сайын 400 мың автокөлік: Кептеліс мәселесі қалай шешілмек?

Бүгінде облыс аумағынан Алматыға күн сайын 400 мыңға жуық автокөлік кіріп-шығады. Көлік қатынасын реттеу үшін Президент жылдамдығы жоғары қоғамдық көлік жүйесін белсенді дамытуды тапсырды.

«Алматы қаласының және Алматы облысының әкімдеріне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, биыл бірінші тамызға дейін «Skytrain» желісін салу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл желі қаланың шекарасынан шығысқа және батысқа қарай тартылуға тиіс», – деді президент.

Сонымен қатар Алатау мен Алматы қалаларын жалғайтын жүрдек қоғамдық көлік жүйесі де дамытылатын болады.

Алматы агломерациясының болашағы: Жаңа жобалар

Болашақта өңірде ауқымды облыстық кластер пайда болмақ. Оның дамуына ірі инфрақұрылымдық жобалар серпін береді. Біріншіден, БААЖ (Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы) арқылы жаңа шаһардың осы жолдың бойында орналасуы логистиканы жақсартады. Екіншіден, Алатау қаласын Қорғаспен қосатын жаңа теміржол желісі жоспарлануда. Үшіншіден, «Almaty SkyHub» орталығы яғни өңірдегі ең маңызды жобалардың біріне айналатын заманауи мультимодальді логистикалық хаб пайда болады.

Президент бұл өршіл жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларды, соның ішінде сауда-логистика және қойма инфрақұрылымына қызығушылық танытып отырған шетелдік компанияларды белсенді түрде тарту қажеттігін қадап айтты.