
Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты.
Оның айтуынша, өңірлер бөлінісінде зиянды жұмыстармен айналысатындардың ең көп саны Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген.
«Жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру арқылы әлеуметтік қорғау жөніндегі жұмыс шеңберінде 118 мың кәсіпорын қамтылды. 19 мың ұжымдық шарт цифрландырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Еңбек заңнамасын бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық бақылау бойынша 170 тексеру жүргізілді. 2025 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда профилактикалық бақылаумен қамту 2,5 есеге ұлғайды», – деп атап өтті министр.
Сонымен қатар мемлекеттік еңбек инспекциясы 2,4 мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша еңбек заңнамасын 2,8 мыңға жуық бұзушылық анықталды.
Орындалуға міндетті 1 630 нұсқама берілді. Сондай-ақ 532 млн теңге айыппұл салынды, оның ішінде 392 млн теңге өңдірілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды.
Айта кетейік, 2025 жылы жұмыс орнында 2 328 адам зардап шеккен, оның ішінде 184 адам қайтыс болған.