
Eurasian Resources Group (ERG) тобы Павлодар облысын дамытуға 3,1 млрд теңге аударады. Қаражат жаңа әлеуметтік және инфрақұрылым жобаларын іске асыруға жұмсалады.
Ақсу қаласын дамытады
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен ERG тобының Қазақстандағы құрылымының басшысы Кудрәт Шамиев өңірді дамытуды көздейтін меморандумға қол қойды. Өңір әкімдігінің мәліметінше, компания бөлген 3,1 млрд теңгемен білім беру, спорт, экология, денсаулық сақтау, абаттандыру және халықты әлеуметтік қолдау салаларындағы жобалар жүзеге асырылады.
«Кейінгі үш жылдың өзінде компания өңірді дамытуға 15 млрд теңгеден астам қаражат бөлді», – дейді өңір әкімі.
Байхановтың айтуынша, 2025 жылы жалпы құны 3,7 млрд теңгеге жоспарланған 26 жобаның 18-і аяқталды. Ал биыл ERG және облыс әкімдігі 17 жобаны іске асыру бойынша меморандум әзірлеген.
Құжатта Ақсу қаласын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Биыл мұнда заманауи жүзу бассейні мен жаңа саябақ құрылысы аяқталады.
ERG-дің Павлодардағы активтері
Кудрәт Шамиев, әкімдік мәліметінше, өңірлерді дамыту компанияның ұзақ мерзімді стратегиясының маңызды бөлігі болып қала беретінін айтқан. Компания дерегінше, ERG-дің өңірлерге салған әлеуметтік инвестицияларының жалпы көлемі 321 млрд теңгеден асты.
Eurasian Resources Group тобының негізгі өндіріс нысандары мен ірі активтерінің маңызды бөлігі Павлодар облысында шоғырланған. Олардың арасында Ақсу ферроқорытпа зауыты, Павлодар алюминий зауыты, Қазақстан электролиз зауыты, Павлодар машина жасау зауыты және басқа да ірі өндіріс орындары бар.
Айта кетейік, ERG тобының Қазақстандағы активтерін 35 жастағы Кудрәт Шамиев басқаратыны бір күн бұрын мәлім болған.