
Қазақстандық FlyArystan лоукостері Астана – Батуми бағыты бойынша алғашқы рейсін орындады.
Flyarystan_info ақпаратына қарағанда, халықаралық бағыттар желісін Қара теңіз жағалауындағы жаңа бағытпен толықтырды.
Алғашқы рейс елордадан таңғы сағат 05:45-те ұшып шығып, жергілікті уақыт бойынша сағат 09:00-де Батуми қаласына қонды. Әуежайда алғашқы рейстің жолаушыларын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Астана – Батуми – Астана бағыты бойынша рейстер 2026 жылдың 29 тамызына дейін аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады. Маусымдық сұраныстың артуына байланысты 25 маусымнан бастап рейстер саны аптасына үшке дейін көбейіп, қосымша бейсенбі күнгі рейс енгізіледі.
Бұдан бөлек, 6 маусымнан бастап FlyArystan Ақтау – Батуми бағыты бойынша да рейстерді іске қоспақ. Бұл жолаушыларға аталған бағыт бойынша ұшу нұсқаларын кеңейтеді.
Әуе билеттерін FlyArystan мобильді қосымшасы, авиакомпанияның ресми сайты және өзге де сату арналары арқылы сатып алуға болады. Билет құнына салмағы 7 келіге дейінгі және өлшемі 56×23×36 см-ден аспайтын бір дана қол жүгі кіреді.
Айта кететін жайт, FS7729 рейсі Ақтаудан сағат 09:05-те ұшып, Батумиге 09:55-те қонады. Кері бағыттағы FS7730 рейсі Батуми қаласынан 10:55-те ұшып, Ақтауға жергілікті уақытпен 13:40-та жетеді.
Әуебилеттерінің құны бір бағытқа 41 000 теңгеден басталады.