Жаңалықтар

«Көзқарастарымыз сәйкес келмейді»: Давид Лория Қазақстан футбол федерациясынан кетті

Давид Лория Қазақстан Футбол федерациясынан кетті / Фото: Давид Лорияның желідегі парақшасынан

Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Давид Лория Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл туралы спортшы өзінің Instagram парақшасында жазды.

Федерациядағы мансабын аяқтау туралы шешімді ол бүгін, 2 маусымда қабылдады.

«ҚФФ президенті Марат Омаров федерацияның вице-президенті қызметінде жұмысты жалғастыруды ұсынды, алайда футболды дамытудағы көзқарастарымыз бен өмірлік құндылықтарымыз кейбір тұрғыда сәйкес келмейді», – деп жазды Лория.

Ол әріптестеріне, клубтарға, аймақтық федерацияларға, бапкерлерге, функционерлерге, футболшыларға және жанкүйерлерге алғыс айтты. Сондай-ақ, Лория спорт игілігі үшін жұмысын жалғастыратынын және ҚФФ-да алған тәжірибесін саланың дамуына пайдаланатынын қосты.

2025 жылдың қаңтарында Давид Лория Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды. Сол жылдың сәуір айының басында ол бас хатшы болып тағайындалған болатын.

Айта кетейік, осыған дейін бұл қызметке британдық «Тоттенхэм» футбол клубының бұрынғы директоры Скотт Мунн ресми түрде Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) жаңа бас хатшысы болып тағайындалғанын жазған едік.