
Жамбыл облысы Талас ауданының аумағында дрон оқу-жаттығу кезінде штаттан тыс жағдайда қонуға мәжбүр болған. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
«Ұшқышсыз ұшу аппараты жоспарлы оқу-жаттығу кезінде Жамбыл облысы Талас ауданының аумағына штаттан тыс қонды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Жергілікті тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарына еш қауіп болған жоқ», – деп жазылған министрлік хабарламасында.
Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиғаға техникалық ақаулар себеп болуы мүмкін. Қазір мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жұмысын бастады.
Бұған дейін елдің батыс өңіріне бірнеше рет дрон құлағанын жазған едік. Бірақ Қорғаныс министрлігі ол аппараттардың кімге тиесілі екенін айта алмай отыр.