Қоғам

Пара алу және 2 млрд теңге шығын: Алматыда топ-менеджерлер соты өтіп жатыр

Сот Алматыда өтіп жатыр/фото: kursiv.media, Айгерім Таубай

Алматыда бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов, «Бірінші кредиттік бюро» (БКБ) директоры Руслан Омаров пен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» (ЕДРО) АҚ басшысы Дәулет Арғындықовқа қатысты сот өтіп жатыр.

Сотталушылар арасында Ақжол Дошимов пен Тауке Болатбаев та бар.

Қандай айып тағылған?

Бұрынғы вице-министр Ақмәди Сарбасов қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы (лауазымдық өкілетін теріс пайдалану) және 366-бабы 3-бөлігі 3-тармағында (пара алу) көрсетілген әрекетті жасады деп айыпталып отыр.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшысы Дәулет Арғындықов қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы (лауазымдық өкілетін теріс пайдалану); 28-бабы 5-бөлігі – 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы; 210-бабы 2-бөлігі 1,2,3-тармағы (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне қатысты Зиян келтіретін компьютерлік бағдарламалар мен бағдарламалық өнімдерді жасау, пайдалану немесе тарату); 367-бабы 3-бөлігі 1,2-тармағында (пара беру) көрсетілген әрекетті жасады деп айыпталған.

Ал «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС директоры Руслан Омаров қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі – 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы; 28-бабы 5-бөлігі – 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы; 28-бабы 5-бөлігі – 210-бабы 2-бөлігі 1,2,3-тармағы; 367-бабы 3-бөлігі 1,2-тармағында көрсетілген әрекетті жасады деп айыпталып отыр.

Айта кетейік, Ақмәди Сарбасов 2020-2025 жылдары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі болған. 2025 жылдың сәуірінде басқа жұмысқа ауысуына байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметінен босатылды

Тергеу деректері

Тергеу материалдарына сәйкес, 2020 жылы «ЕРДО» басшысы Дәулет Арғындықов «БКБ» директоры Руслан Омаровпен заңсыз келісіп жасасып, қосымша 5% табыс алуға мүмкіндік берген.

«Егер Мемлекеттік кредиттік бюро көрсетілген қызметтердің жалпы көлемінен 30% табыс алса, Бірінші кредиттік бюро бұрынғы 30%-дың орнына 35%-ға дейін табыс ала бастаған. Осылайша, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының үлесі 70%-дан 65%-ға дейін төмендеген», – деп түсіндіреді құзырлы органдар.

2025 жылы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті болып Ақмәди Сарбасов тағайындалған. Кадрлық өзгеріске қарамастан, Бірінші кредиттік бюро пайдасына көзделген бұл тең емес шарттар сақталып қала берген.

Арғындықов пен Омаров арасындағы келісімге сәйкес, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы ақпарат алмасу жүйесіне арнайы сервис орнатылған. Сервис сұраныстарды өте жылдам өңдеп, мәліметтерді кедергісіз алуға мүмкіндік берген.

Ал Мемлекеттік кредиттік бюромен арадағы жүйеге арнайы зиянды бағдарлама енгізілген. Ол бағдарлама сұраныстарды өңдеуді әдейі баяулатып, жұмысты тежеп отырған.

Яғни бір тарапқа мәліметтерді жылдам алу үшін толық жағдай жасалса, екінші тараптың жұмысын жүйелі түрде баяулатып отырған.

Осының салдарынан Еңбек ресурстарын дамыту орталығына, яғни мемлекетке 2 млрд теңгеден аса зиян келген.

Осы заңсыз келісімшартты бұзбағаны үшін Арғандықов пен Омаров Ақмәди Сарбасовқа 75 мың доллар сыйақы берген.

Сот кабинетіндегі ақпаратқа сәйкес, сотталушыларға қатысты іс 2026 жылдың 6 маусымында жалғасып жатыр.