
Қазақстанда қауіпсіздік талаптарын бұзып, жұмыскерлердің өміріне қауіп төндірген жүздеген нысанның жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты.
Биылғы бес айда кәсіпорындарда 2025 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп тексеру жүргізілді. Нысандарда 10 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды.
523 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 6 млн теңгеден 62 млн теңгеге дейін жетті.
«Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел заңбұзушылықтар үшін 600-ден астам нысан мен техникалық құрылғының жұмысы тоқтатылды. Соған қарамастан, кейбір кәсіпорындар енгізілген шектеулерді елемей, апат қаупін арттыра отырып, жұмысын жалғастырып келеді», – деді Әрінов үкімет отырысында.
Министрлік жауапсыз кәсіпорын иелеріне қатысты қосымша шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Үкіметте 479 мың адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеп жүргені айтылды.