Экономика

Үкімет Алатау қаласына тұрақты түрде қаржы бөліп отыруы керек – Тоқаев

Президенттің Алматы облысына жұмыс сапары басталды/фото: Ақорда

Үкімет Алатауға бастапқы кезеңде қаланың негізгі инфрақұрылымын дамыту мақсатында тұрақты түрде қаржы бөліп отыруы керек. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Президенттің сөзінше, мемлекет инфрақұрылымға инвестиция салса, жеке капитал да келе бастайды. Соның арқасында салық түсімі артады, жаңа инфрақұрылым пайда болады. Осылайша, қолға алынған жұмыстың ауқымы кеңейе береді.

«Негізгі инфрақұрылымға бастапқы инвестиция салу міндеті тек жеке секторға ғана жүктелсе, жобалардың инвестициялық тартымдылығы әлсірейді. Мұндай жағдай тарифі жоғары монополия құрылымдарының пайда болуына әкеп соқтырады және ақыр соңында дамуды тежейді. Сондықтан Үкімет бастапқы кезеңде қаланың негізгі инфрақұрылымын дамыту мақсатында тұрақты түрде қаржы бөліп отыруы керек. Басқа жол жоқ», – деген президент.

Айтуынша, орнықты кіріс қоры қалыптасқанша Алатауға қосымша лимиттерді және мемлекеттің кепілдігімен қарыз алу құқығын беруге болады.

Сондай-ақ қалада жалпы көлемі 2 триллион теңгеге жуық қаржы құйылған бастамалар аясында 50 мыңнан аса жұмыс орны ашылады. Осы тұста отандық бизнесті ынталандыруға баса назар аударылғаны жөн. Бизнес өкілдері сырттан бақылаушы болмай, қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары Алатау қаласының даму жоспарымен танысудан басталды.