Жаңалықтар

Заңсыз аударылған 6 млрд теңге зейнетақы бюджетке әлі қайтарылмады

 6 млрд теңге зейнетақы бюджетке әлі қайтарылмаған
6 млрд теңге зейнетақы бюджетке әлі қайтарылмаған/ фото: Делия Айдаралиева

Қазақстанда қате аударылған 6 млрд теңге көлеміндегі зейнетақы төлемдері бюджетке әлі қайтарылмады. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты.

Бұл заңбұзушылықтарды Жоғары аудиторлық палата анықтаған. Тексеріс барысында қаржы қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен немесе Қазақстаннан біржола көшіп кеткен азаматтарға аударылып келгені белгілі болды.

Ертаевтың айтуынша, аудит 2020-2024 жылдар аралығын қамтыған. Тексеру нәтижесінде 67 мың шетелдік жалпы сомасы 20,9 млрд теңге болатын зейнетақы алғаны анықталды. Бүгінде оның 57 мыңы қаржыны кері қайтарған. Қайтарылған қаржы 13,9 млрд теңгеден астам соманы құрады.

Ал қайтыс болған 120 зейнеткерге қатысты 500 млн теңгеге жуық қарызды сот есептен шығарып тастады.

«Қазіргі уақытта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 4400 шетелдік азамат бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Олардың әлі де 6 млрд теңгеге жуық берешегі бар», – деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін шетелге көшіп кеткен қазақстандықтар қандай жағдайда зейнетақыны ала беретінін жазған едік.