Жаңалықтар

2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін

Қазақстандағы су тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін
Қазақстандағы су тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін/ фото: shutterstock

2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 50%-ға жетіп, ал 2050 жылға қарай су дағдарысы елдің ЖІӨ-сін 6%-ға төмендетуі мүмкін. Бұл туралы су саясаты саласындағы сарапшы Қуаныш Өзбеков айтты.

Өзендердің тартылуы және климаттың өзгеруі

Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде Жайық, Тобыл, Ертіс және Есіл өзендеріндегі су деңгейінің тұрақты төмендеуі, сондай-ақ Балқаш пен Каспий су айдындарының тартылуы байқалып отыр.

Сонымен қатар климаттық циклдің өзі өзгеріске ұшырап жатыр. Мәселен, қыс мезгілдері жылырақ болып, қардың жиналуы мен еру режимі бұзылып жатыр. Соның салдарынан судың бір бөлігі су қоймаларына жетпей, ертерек топыраққа сіңіп кетеді немесе буланып кетеді.

Сарапшының айтуынша, 2024 жылғы оқиғалар елдің қаншалықты осал екенін көрсетті. Су тасқындары салдарынан 170 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, ал мыңдаған ғимарат су астында қалды.

«2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 50%-ға дейін жетуі мүмкін, ал 2050 жылға қарай су дағдарысы елдің ЖІӨ-сін 6%-ға төмендетуі ықтимал. Бұл мәселенің экология шеңберінен шығып, макроэкономикалық тұрақтылық факторына айналып отырғанын көрсетеді», – дейді Қуаныш Өзбеков.

Дағдарыстан шығу жолдары

Оның айтуынша, осы сын-қатерлерге жауап ретінде институционалдық шаралар қабылдануда. 2025 жылдың сәуір айында жаңа Су кодексі қабылданып, онда алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы бекітілді.

Құжатта 20 жаңа су қоймасын салу, 15 қолданыстағы су қоймасын реконструкциялау және 14 мың шақырым ирригациялық желіні қалпына келтіру көзделген. 2030 жылға қарай су шығынын 25%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Тамшылатып және жаңбырлатып суару сияқты заманауи технологиялар бүгінде-ақ су шығынын 50%-ға дейін азайтып, сонымен қатар өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді, бірақ оларды кең көлемде енгізу қажет.

Бұған дейін еліміздің оңтүстігінде су қорының азаюына байланысты су тапшылығы туындауы мүмкін екенін жазған едік.