
ІІМ интернеттегі алаяқтардың жасөспірімдерді заңсыз қаржылық схемаларға тартуы мүмкін екенін ескертті.
Polisia.kz ақпаратына қарағанда, олар жасөспірімдерді «дроп» рөліне тартудың түрлі амалын тапқан.
«Әдетте бәрі мессенджердегі хабарламадан, онлайн ойыннан немесе әлеуметтік желіден басталады. Бейтаныс адам «оңай табыс табуды» ұсынып, банк картасына ақша қабылдап, оны басқа шотқа аударуды немесе қолма-қол шешіп беруді сұрайды. Оның орнына белгілі бір пайыз уәде етеді», – делінген хабарламада.
Алайда бұл – ұрланған қаражатты жылыстату схемасы. Алаяқтар өз ізін жасыру үшін «дропперлерді» пайдаланады. Нәтижесінде ақша бөтен адамдардың шоттары арқылы өткізіліп, ұйымдастырушылар жауапкершіліктен жалтарып қалады.
«Мұндай әрекеттерге кездейсоқ қатысудың өзі ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, банк шоттарының бұғатталуына, банктер мен құқық қорғау органдарының тексерулеріне және ата-аналардың да жауапқа тартылуына себеп болуы ықтимал», – деп ескертті ІІМ.
Министрлік азаматтарға банк картасының деректерін және мобильді қосымшаларға қолжетімділікті бөгде адамдарға бермеуге, ақша аударымдары арқылы ұсынылатын «жеңіл табысқа» келіспеуге кеңес береді. Күмәнді жағдай туындаса, ата-аналардан немесе ересектерден көмек сұрау қажет.
Айта кететін жайт, енді аккаунт пен сим-картаны өзге адамға бергендер қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.