
Ұлттық тестілеу орталығының өкілі Ғалымжан Мұхамедьяров жас талапкерлердің ата-аналарына үндеу жасады. Оның айтуынша, орталық емтиханның адал өтуін басты назарға қояды.
«ҰБТ – әрбір отбасы үшін үлкен сынақ. Әр түлектің артында айлар бойғы дайындық, мұғалімдердің еңбегі мен ата-ананың үміті тұр. Сондықтан біздің басты міндетіміз – тек өз біліміне сенген адал қатысушылардың құқығын қорғау», – деді ол.
Ол емтиханның еш кедергісіз өтуі үшін биыл қандай шаралар қабылданғанын айтып өтті.
«Мәселен, тестілеу пункттерінің кіреберісінде бөтен тұлғалар мен тыйым салынған заттарды анықтайтын металл іздегіштер мен Face ID жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар үздіксіз бейнебақылау жүргізіледі, интернет пен сыртқы ортамен байланысты толықтай шектейтін арнайы тахника іске қосылған», – деді ҰТО өкілі.
Осындай шаралардың арқасында ҰБТ басталғалы бері 283 ереже бұзушылық анықталды. Соның ішінде 168 адам кіреберістегі бақылау кезеңінде тестілеуге жіберілмеді. Тағы 115 қатысушы ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды.
Бүгінгі күнге дейін өзге адамның орнына тест тапсыру (жалған адам кіргізу) дерегі анықталған жоқ.
Барлық бейнежазбалар 6 ай бойы қосымша талданады. Егер ереже бұзушылық кейін анықталса, нәтиже жойылады. Бұл ереже грант тағайындалып қойған жағдайларға да қатысты (грант қайтарып алынады).
«Ешкім де алдау арқылы артықшылыққа ие болмауы тиіс. Грантты тек өз білімін дәлелдеп, бұл нәтижеге адал еңбегімен жеткен талапкер алуы керек», – деп қосты ол.
Тек талапкерлер емес, орталық қызметкерлері де тексерілетіні айтылды. Заңсыз көмек көрсеткен немесе ереже бұзған қызметкерлер қатаң жазаланады, қажет болса материалдар құқық қорғау органдарына жолданады.
Айта кетейік, бұған дейін министр Саясат Нұрбек «ҰБТ-дан 140 балл жинаған талапкерлердің нәтижесі тексеріле ме?» деген сұраққа жауап берген еді.