
Ақмола облысының су айдындарында бір күнде балаларға қатысты екі оқиға болды. Оның бірінде кәмелетке толмаған бала қаза тапты.
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлауынша, 3 маусымда Қосшы қаласында қайғылы оқиға орын алды. Нұра-Есіл каналында досымен бірге шомылуға барған 10 жасар бала суға батып кетті.
Фото: Ақмола облысы ТЖД. Қайғылы оқиға орын алған су айдыны шомылуға арналмаған, оның аумағында тыйым салатын белгілер орнатылған.
«Астана қаласы ТЖД жедел-құтқару жасағының күшімен баланың денесі табылып, судан шығарылды», – деп түсіндірді Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Сонымен қатар, дәл осы күні Зеренді ауданында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Мұнда қараусыз қалған, есепте тұрған бала жоғалып кетті.
Баланың аяқ киімі жағалаудан табылғандықтан, іздеу жұмыстарына сүңгуірлерді тарту жоспарланған болатын, алайда бала аман-есен табылды. Белгілі болғандай, ол аяқ киімін шешіп, жағалауды өз бетінше аралап кеткен.