Жаңалықтар

Еркебұлан Тоқтар америкалық Джейк Полдың бокс лигасында өнер көрсетуі мүмкін

Еркебұлан Тоқтар / фото: KursivMedia мұрағаты
Еркебұлан Тоқтар / фото: KursivMedia мұрағаты

Қазақстандық танымал спортшы Еркебұлан Тоқтар америкалық блогер әрі бокс промоутері Джейк Пол негізін қалаған Most Valuable Promotions (MVP) бокс лигасында бағын сынау мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Жаңалықты спортшы журналист Әмір Тәжібаевқа берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, қазіргі уақытта Zuffa Boxing лигасына шығу мүмкіндігі шектеулі болғанымен, MVP жобасының өкілдерімен белсенді түрде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Әзірге Джейк Полдың бокс лигасы. Zuffa Boxing-ке шыға алмаймын, ал MVP-де мүмкіндік бар. Қазір сол жақпен сөйлесіп жатыр», – деді Еркебұлан Тоқтар.

Most Valuable Promotions (MVP) деген не?

Ұйымның негізін 2021 жылы танымал блогер әрі кәсіпқой боксшы Джейк Пол қалаған.

Лига кәсіби бокс кештерін жоғары деңгейде ұйымдастырумен қатар, спортшыларды заманауи медиа платформалар арқылы әлемге танытумен және кеңінен насихаттаумен айналысады.

Айта кетейік, Еркебұлан Тоқтар 4 шілде күні Алматыда жекпе-жек өткізеді.