Жаңалықтар

Иран Кувейттің халықаралық әуежайына соққы жасап, бір адам қаза тапты

Иран Кувейттің халықаралық әуежайына соққы жасап, бір адам қаза тапты / Фото: Shutterstock

Иран Кувейтке зымырандар мен ұшқышсыз ұшатын аппараттармен шабуыл жасады. Соққы нәтижесінде халықаралық әуежай зардап шекті. Бір адам қаза тауып, 63 адам жарақат алды, деп хабарлайды Reuters.

Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендердің арасында жолаушылар мен әуе айлағының қызметкерлері бар екенін хабарлады.

Қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша, 3 маусым таң атқалы бері әскерилер 13 баллистикалық зымыран мен 17 ұшқышсыз ұшатын аппаратты бақылап, тоқтатқан. Олардың сынықтары бірнеше тұрғын ауданға құлаған. Әуежай тікелей соққыдан ба, әлде сынықтардан зақымданды ма, әзірге белгісіз.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шабуыл маңызды нысандар мен дипломатиялық миссияларға зақым келтірген. Қаза болған адам елде тұратын Үндістан азаматы болған.

Кувейттің азаматтық авиация басқармасы соққы халықаралық әуежайдың бірінші терминалының ғимаратына тигенін мәлімдеді. Шабуылдан кейін әуе айлағы уақытша рейстерді қабылдауды және жөнелтуді тоқтатып, ұшақтар басқа порттарға бағытталған.

Кейінірек Kuwait Airways төртінші терминалдан ұшуды қайта жандандырды. Әуе компаниясы дәл осы ғимараттан жұмыс істейді. Азаматтық авиация басқармасының мәліметінше, бірінші терминалды халықаралық тасымалдаушылар пайдаланады.

Әуежай алдыңғы шабуылдардан кейін толыққанды жұмысына жақында ғана оралған болатын. Жаңа соққыға дейін екі күн бұрын билік бірінші терминалды жөндеу жұмыстары аяқталғанын хабарлаған еді.

Шабуыл Иран мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі және келіссөздер туралы қарама-қайшы мәлімдемелер аясында орын алды. Иранның Fars агенттігі Тегеран мен Вашингтон арасында соғысты тоқтату жөніндегі ықтимал мәміле туралы хабар алмасу бірнеше күн бұрын тоқтағанын хабарлаған еді. АҚШ президенті Дональд Трамп болса, керісінше, келіссөздер «күн сайын» жалғасып жатқанын мәлімдеді.