Жаңалықтар

Латынамерикалықтар Димашқа арнап қазақ тілінде өтетін халықаралық жобаны қолға алмақ

 Фото: dimashnews.com
Фото: dimashnews.com

Димаш Құдайбергеннің Латын Америкасындағы жанкүйерлері алты елдің тыңдармандарын біріктірген «Өмір» атты халықаралық шығармашылық жобаны таныстырды.

Жобаға Коста-Рика, Мексика, Боливия, Аргентина, Уругвай және Чили елдеріндегі Dears қауымдастығының мүшелері қатысты. Олар Димаштың «Өмір» әнін қазақ тілінде орындап, өнер иесіне деген құрметтері мен ықыластарын білдірді.

Жоба қатысушыларының айтуынша, бұл ән Димаш үшін де, оның әлемдегі жанкүйерлері үшін де ерекше маңызға ие. Әрбір қатысушы өз дауысын, уақытын және шығармашылық еңбегін ортақ мақсат жолында біріктірген.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, алты елдің жанкүйерлері Димаштың шығармашылық жолына құрмет көрсету және туған күнін атап өту үшін «біртұтас үнге» айналған.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі Димаш жанкүйерлері оның әндерін қазақ тілінде орындап жүр. Олар ән мәтіндерінің мағынасын зерттеп, дұрыс айтылуын үйрену арқылы қазақ тілі мен мәдениетін жақынырақ танып келеді.

Жобаға қатысушылардың пікірінше, Димаштың шығармашылығы көптеген шетелдік тыңдармандарды қазақ тілі мен ұлттық мәдениетке қызығушылық танытуға шабыттандырады.

«Өмір» әні арқылы біз Димашқа ең ізгі тілектерімізді, ерекше талантына деген шынайы алғысымызды және Латын Америкасындағы Dears қауымдастығының шексіз сүйіспеншілігі мен қолдауын жеткізгіміз келді», – деді жоба қатысушылары.

Айта кететін жайт, Мадридте Димаш Құдайберген туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті.