
Қаңтар оқиғасынан кейін сотталған Кәрім Мәсімов пен азаматтық некедегі әйелін өлтірген Қуандық Бишімбаев рақымшылыққа ілігіп, жаза мерзімін қысқарта алмайды. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында мәлімдеді.
Айтуынша, қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, сондай-ақ қауіпті қылмысты қайталағандарға рақымшылық жасалмайды.
Мәсімов ісі
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, 2023 жылдың сәуірінде 18 жылға сотталған. Сот оны «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алуға талпынды», «қызмет бабын асыра пайдаланды» деп таныды.
Қуандық Бишімбаев ісі
2024 жылдың 13 мамырында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Рақымшылық – 2026
2026 жылдың 17 наурызында президент елде алғаш рет әкімшілік істер бойынша рақымшылық жасалатынын хабарлады. Сондай-ақ қылмыстық істер бойынша тағы да рақымшылық жасалатынын айтты.
Қылмыстық амнистия 15 мыңнан астам адамға, соның ішінде түзеу мекемелеріндегі 1,5 мың сотталғанға қатысты болуы мүмкін.
Ал әкімшілік рақымшылық аясында азаматтардың 17 млрд теңге айыппұлы кешіріледі.