
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Гонконг арнайы әкімшілік аймағының басшысы Джон Лимен және іскерлік қауымдастығының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестиция тарту мәселесін талқыға салды.
Арман Шаққалиев Қазақстанның Гонконгпен практикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, іскерлік байланысты нығайтуға және отандық өнімдерді сыртқы нарыққа ілгерілетудің жаңа тетіктерін қалыптастыруға мүдделі екенін атап өтті.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымы 178,8 млн доллар болды. Біз Гонконг нарығына жеткізілетін қазақстандық өнім көлемін арттыруға мүдделіміз. Бұл қатарға ауыл шаруашылығы өнімдерімен бірге жеңіл және тамақ өнеркәсібінің тауарлары да кіреді», – деді министр.
Джон Ли Гонконгта халықаралық алтын саудасы орталығын құру және бағалы металдар айналымына арналған заманауи экожүйені дамыту жоспарымен бөлісті. Осыған байланысты қос тарап тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз ету, бизнесті жүргізудің ашық әрі түсінікті қағидатын қалыптастыру және нарық қатысушылары арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту маңызды екенін жеткізді.
Гонконг әкімшілігінің басшысы Қазақстанның өңірдегі жетекші алтын өндіруші елдердің бірі екенін атап өтті.
Оның пікірінше, бұл бағыттағы ынтымақтастықты дамыту екі тараптың да өндірушілері мен қаржы институттары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Кездесу барысында іскерлік қауымдастықтар арасындағы тікелей байланыстарды нығайту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Джон Ли кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылдың тұрақты инфрақұрылымын қалыптастырудың маңызды екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жақын арада бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге келісті.
Жоспар аясында бизнес-миссиялар ұйымдастыру, кәсіпкерлер арасындағы кездесулер өткізу және болашағы бар инвестициялық жобалар пысықталады.