
Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Баку-Тбилиси-Карс (БТК) теміржолының ресми ашылу салтанатына қатысты.
Көлік министрлігінің ақпаратынша, іс-шара 2 маусым күні Грузияда Ахалкалаки теміржол станциясында өтті.
Баку–Тбилиси–Карс теміржолы – Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) маңызды бөліктерінің бірі. Бағыт Әзербайжан, Грузия және Түркия теміржол желілері арасындағы көлік байланысын қамтамасыз етіп, Қазақстаннан жүктерді Каспий теңізі арқылы Түркияға және Еуропа елдеріне тасымалдауға қосымша мүмкіндіктер ашады.
«БТК инфрақұрылымын дамыту Қазақстанның транзиттік әлеуетін одан әрі нығайтуға, халықаралық тасымалдау көлемін ұлғайтуға және Еуразиялық аймақтағы логистикалық тізбектердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – делінген министрліктің ақпаратында.
Теміржол магистралінің жалпы ұзындығы – 827 шақырым. Желі 2017 жылдан бастап сынақ режимінде жұмыс істеп келеді. 2023 жылдың мамыры мен 2024 жылдың мамыры аралығында учаскеде ауқымды инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл маршруттың өткізу қабілетін айтарлықтай арттырды.
Қайта құрудан кейін Баку-Тбилиси-Карс темір жолының жылдық өткізу қабілеті 1 миллион тоннадан 5 миллион тоннаға дейін артты.
Айта кету керек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда теміржол саласы рекордтық көрсеткішке жеткен. Тасымалдау көлемі шамамен 318 млн тоннаға жетті. 2026 жылы тасымал көлемі 327 млн тонна болады деп болжанып отыр.