Қоғам

Рақымшылық – 2026: айыппұлы кешірілген азаматтарға хабарлама жіберіледі

колония
Рақымшылыққа 15 мың адам ілігетіні айтылды / shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Әкімшілік істерге рақымшылық жасау туралы заң күшіне енгеннен кейін азаматтардың айыппұлы автоматты түрде кешіріледі. Азамат айыппұлының төленбеген бөлігі рақымшылыққа ілігуі үшін қандай да бір құзырлы органға жүгінбесе болады. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты.

Мәжіліс отырысында депутат Олжас Нұралдинов «Азаматтарға әкімшілік айыппұл салған органдарға жүгінуі қажет пе, әлде мемлекеттік органдар өздері-ақ актілерінің күшін жоя ма?  Амнистияға байланысты айыппұлдардың жойылғаны туралы азаматтарға хабар беріле ме?» деп сұрады.

Санжар Әділовтің айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі арқылы айыппұлдар автоматты түрде кешіріледі.

«Алдымен Құқықтық статистика комитеті бірыңғай тізілімді қалыптастырады. Одан кейін төленбеген айыппұлды есептен шығару туралы қаулы жобасы дайындалады. Бұл жоба уәкілетті лауазымды тұлғаға жолданады. Лауазымды тұлға электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы қол қойғаннан кейін құжат электрондық форматта сот орындаушыларына жіберіледі. Олар атқарушылық іс жүргізу аясында айыппұлды автоматты түрде есептен шығарады», – дейді Әділов.

Азаматтарға айыппұл салынғаны туралы хабар SMS арқылы жолданады. Дәл солай айыппұлдың кешірілгені туралы да хабарлама жіберіледі. ІІМ дерегінше, бұл 17 млрд теңгеден астам сомаға шамамен 1 млн әкімшілік айыппұлды қамтиды.

Айта кетейік, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қарап жатыр.