Инвестиция

Тимур Турлов: Телеком Freedom Holding-ке миллиардтаған доллар табыс әкеледі

Тимур Турлов
Фото: Freedom Broker Kazakhstan

Таяу жылдары телекоммуникация бағыты Freedom Holding Corp. компаниясының төртінші ірі кіріс көзіне айналып, топқа жаңа миллиардтаған доллар табыс әкелмек. Бұл туралы холдингтің бас атқарушы директоры Тимур Турлов 2026 жылдың қаржылық және операциялық қорытындыларын шығару барысында өткен тікелей эфирде мәлімдеді. Компания ірі инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын аяқтап, өз ұялы байланыс операторын іске қосуға дайындалып жатыр.

Холдингтің кіріс құрылымындағы өзгеріс

2026 фискалдық жылдың қорытындысы бойынша Freedom Holding Corp. компаниясының жиынтық табысы рекордтық көрсеткішке – 2,19 млрд долларға жетті, ал таза пайда екі есе артып, 153 млн долларды құрады.

Топтың негізгі операциялық ақша ағынын үш сегмент қалыптастырып отыр. Олар брокерлік қызмет, банк секторы және сақтандыру. Дегенмен, басшылық кіріс құрылымы өзгереді деп болжап отыр. Талшықты-оптикалық байланыс желілерінің белсенді құрылысы, электрондық коммерцияны дамыту мен дата-орталықтарды салу жұмыстары тек холдингтің қазіргі пайдасы есебінен қаржыландырылып келеді.

«Дата-орталықтардың құрылысы толық аяқталғанда жақсы ақша ағынын бере бастайды. Телеком алдағы жылдары бірнеше миллиард доллар табыс әкелуге қауқарлы төртінші ірі кіріс бағытына айналады. Бізде жаңа нысандар пайдалануға берілген алғашқы жылдан бастап ондаған миллион доллар кірісті қамтамасыз ететін офтейк-келісімшарттарға қол қойылып қойған», – деп атап өтті Тимур Турлов.

Егемен бұлт пен 220-дан астам 5G базалық станса

Холдинг қазірдің өзінде Қазақстандағы дата-орталықтардың екінші ірі операторы. Компания Amazon Web Services-тің жоғары маржалы бизнес-моделіне ұқсас, жаһандық халықаралық компаниялар мен мемлекеттік органдарға қызмет көрсету үшін өзінің егемен бұлтын құрып жатыр.

Сымсыз қолжетімділік инфрақұрылымы да кеңею үстінде. Компания 5G стандартындағы 220 ұялы байланыс базалық стансасын салды, олар клиенттерді үйге арналған тіркелген сымсыз интернетпен (FWA) қамтамасыз етеді. Желідегі деректерді беру жылдамдығы 1 Гбит/с-қа жетеді, бұл ретте бір абонентке шаққандағы орташа жұмыс жүктемесі шамамен 300 Мбит/с құрайды. Бұл бағыттың цифрлық қызметтерін қазірдің өзінде 35 мың клиент пайдаланып үлгерді.

MVNO-ны іске қосу мен көпмиллиардтық капиталдандыру

2026 жылы холдинг виртуалды оператор (MVNO) форматында ұялы байланысты іске қосуды жоспарлап отыр. Компания келіссөздер мен қажетті мемлекеттік лицензияларды алу процесінің соңғы кезеңінде. Бұл ұялы байланысты, үй интернетін және қалалық Wi-Fi желілерін біріктіретін толықтай конвергентті өнім жасауға мүмкіндік береді.

Тимур Турлов цифрлық инфрақұрылымға салынған ұзақ мерзімді инвестициялар таяу болашақта еселеп қайтатынын айтып, сөзін түйіндеді.

«Дәл осы бағыт бізге миллиардтаған доллар қосымша капиталдандыру әкеле алады. Инвестициялар бізді Орталық Азия аумағындағы ең мықты цифрлық ойыншыға айналдырады», – деді ол.

Freedom Telecom бағыты 2023 жылы банкті, брокерді, сақтандыруды және флагмандық SuperApp қосымшасын біріктіретін интеграцияланған цифрлық экожүйені қалыптастыру стратегиясы аясында іске қосылған болатын. Freedom Telecom бизнесінің аясына талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу мен жалға беру, B2B және B2C сегменттері үшін кең жолақты интернетті қосу, қоғамдық Wi-Fi желілерін өрістету, сондай-ақ жеке деректерді өңдеу орталықтары желісін әкімшілендіру кіреді.