
Ақордада Қазақстан мен Кипр президенттері ресми кездесу өткізіп, артынан БАҚ өкілдеріне арналған брифингке қатысты. Сөзінде Тоқаев кипрлік кәсіпкерлерге барынша жағдай жасауға дайын екенін де атап өтті.
«Біз Кипрдің іскер азаматтарын ұзақ мерзімге арналған инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырамыз. Жақында елімізде жаңа Конституция қабылданды. Ата заңға сәйкес Қазақстанда меншіктің барлық түріне кепілдік беріледі. Бас құжатымыз инвесторлардың құқығын барынша қорғайды. Бұған қоса, кипрлық әріптестеріміз Қазақстанның Altyn Visa бағдарламасын қолдана алады. Бұл визаны алған кәсіпкерлер мен мамандарға салық және көші-қон мәселесіне қатысты жеңілдіктер ұсынылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, қазір елімізде Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Олардың 30-ға жуығы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген.
Altyn Visa – шетелдік кәсіпкерлер үшін қолға алынған бағдарлама. Оның негізгі мақсаты – инвесторларға салық және көші-қон жеңілдіктерін ұсыну.
Бұған дейін Тоқаев Түркия инвесторларына да осы жобаны ұсынып, Қазақстанда жұмыс істеуге шақырған еді.