
Мексикада жалақыны өсіруді талап еткен мұғалімдер алдағы футболдан Әлем чемпионатының матчтарын өткізуге кедергі келтіретінін айтып, қоқан-лоқы көрсеткен. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Бұл жағдай онсыз да әуежайларда қонақ күтіп алу деңгейінің төмендігі, көлік кептелісі мен кейбір қалалардағы қауіпсіздік мәселелерімен бас қатырып отырған турнир ұйымдастырушыларына үлкен қысым болып тұр.
Мұғалімдер кәсіподағының (CNTE) өкілдері 2 маусымда өз талаптарын талқылау үшін елдің Ішкі істер және Білім министрлерімен кездесті. Кездесу Мехико орталығындағы наразылық шарасы жаппай тәртіпсіздікке ұласқаннан кейін шұғыл ұйымдастырылды. Ереуілшілер мен полиция арасындағы қақтығыс салдарынан оннан астам адам түрлі жарақат алды.

Келіссөздер жүріп жатқан уақытта да наразылық білдірушілер қаланың басты магистральдарының бірін жауып тастап, Әлем чемпионатына қатысатын әртүрлі елдердің футболшылары бейнеленген мүсіндерді құлатқан. Кездесу қорытындысы бойынша ешқандай ортақ мәміле жасалмады. Енді кәсіподақ мүшелері Мексика президентімен тікелей кездесуді талап етіп отыр.
Мұғалімдер кәсіподағы үкімет ұсынған жалақыны 9%-ға өсіру туралы шешімді «жеткіліксіз» деп есептейді. Олар еңбекақыны бұдан да айтарлықтай арттыруды, жұмыс орнының сақталуына кепілдік беруді, білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек құқығын қорғауды кеңейтуді талап етіп отыр.
CNTE лидерлері егер талаптары орындалмаса, наразылық ауқымын кеңейтіп, жалпыұлттық ереуілдер ұйымдастыратынын және Әлем чемпионатының матчтары өтіп жатқан кезде тікелей стадиондар маңында наразылық шеру өткізетінін ескертті.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы футболдан Әлем чемпионаты АҚШ, Мексика және Канада елдерінде өтеді. 11 маусым күні әлемдік доданың ашылу салтаны Мехико қаласында Мексика мен Оңтүстік Африка арасындағы ойынымен басталады.
Бұған дейін, Түркия халқы футболшыларын Әлем чемпионатына ерекше сән-салтанатпен шығарып салғанын туралы жазған едік.