Жаңалықтар

Миы шайқалған: Алматыда перзентханадағы ана мен баланың жұмбақ өлімі тергеліп жатыр

shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай
shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Алматыда 32 жастағы Анна Ефименко мен оның дүниеге келмеген сәбиінің өліміне қатысты тергеу басталды.

КТК ақпаратына қарағанда, әйел жүктілігінің сегізінші айында кесарь тілігі арқылы босанған. Алайда нәресте өлі туған. Келесі күні перинаталдық орталықта ананың өзі де қайтыс болды.

Жүрегі бірнеше рет тоқтаған

Марқұмның жұбайы Алексей Ефименконың айтуынша, әйелінің жағдайы 4 мамырдан 5 мамырға қараған түні күрт нашарлаған. Ол есінен танып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Отадан кейін дәрігерлер бірнеше рет жүрегі тоқтап қалғанын айтып, жансақтау бөліміне жатқызған.

7 мамыр күні дәрігерлер әйелдің көз жұмғанын хабарлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, оның миына қан құйылып, бас-ми жарақатын алғаны анықталған.

Марқұмның туыстары оқиғаның қалай болғанына қатысты көптеген сұрақтың жауапсыз қалғанын айтып отыр. Олар дәрігерлердің әрекеттеріне толық түсініктеме беруді талап етеді.

Бас-ми жарақаты қайдан

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы нақты қорытындыны жариялаудан бас тартып, сот-медициналық сараптама нәтижелерін күтетінін мәлімдеді. Ведомство дәрігерлер барлық қажетті реанимациялық және хирургиялық шараны жүргізгенін, алайда ана мен баланы аман алып қалу мүмкін болмағанын хабарлаған.

Қазір әйелдің бас-ми жарақатын қалай алғаны белгісіз. Өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

Айта кететін жайт, Алматы қалалық перинаталдық орталығы директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, жоғары санатты акушер-гинеколог Салтанат Ерболатова соңғы жылдары шала туған нәрестелерді аман алып қалу көрсеткіші айтарлықтай жақсарғанын атап өткен еді.